BETT көрмесі (24-27 қаңтар аралығы, Лондон)

BETT көрмесі (24-27 қаңтар аралығы, Лондон)

BETT дегеніміз не?

British Educational Training and Technology Show. Ағылшын тілінен аударғанда “Британдық білім беру және технологиялар көрмесі” деген мағынаны береді. Негізі 1985 жылы қаланған, әр жылдың қаңтар айында Лондон қаласында өткізіледі, қатысушылар саны шамамен 30000 адамды құрайды.

Көрме қалай өтеді?

Көрме арнайы тақырыптық аймақтарға бөлінген. Әркім өзіне не қызық, соны қарай алады. Мысалы, мектепте қашықтықтан білім беру, арнайы компьютерлік оқыту бағдарламалары, тәжірибелік білім беру, оқытушыларға арналған әдістемелік құралдар, консультациялық пункттер және т.б.

Көрмеге қатысушылар мен келушілер кімдер?

Көрмеге электроника шығаратын және білім беру мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс жасайтын әлемдік компаниялар қатысады, мұндай компаниялардың жалпы саны шамамен 700-дей. Білім беру саласындағы жаңалықтардан хабардар болу үшін жыл сайын BETT көрмесіне мектеп басшыларынан бастап Білім және ғылым министріне дейін мыңдаған білім беру саласының қызметкерлері қатысады.

2017 жылғы көрме несімен ерекшеленді?

2017 жылы көрме 32-рет өткізіліп, қатысушылар мен келушілер 138 елден болды және семинарлар тақырыбы әралуандығымен ерекшеленді. Осы жылы білім беру саласының сарапшысы, RSA мүшесі Кен Робинсон мырза мен Microsoft-тың білім беру саласымен жұмыс бөлімінің вице-президенті Энтони Сальситоның дәрістері үлкен қызығушылық туғызды.

Bilim Media Group компаниясының BETT көрмесіне қатысуы.

Bilim Media Group компаниясы көрмеге биыл төртінші рет қатысып отыр. Бұл компания үшін –білім беру саласындағы жаңалықтармен танысу,  серіктестермен кездесу және жаңа ынтымақтастық аясын кеңейту мүмкіндігі (поляк компаниясы Young Digital Planet және британдық Twig World компаниясымен ынтымақтастық). Осы 2017 жылы 24-27 қаңтар аралығында BETT көрмесі ұйымдастырушыларынан арнайы шақырту алған компания басшылары бірнеше қызықты кездесулер өткізіп, белгілі Microsoft, Intel, Global University Systems және Discovery education сияқты компаниялардан ынтымақтастық туралы ұсыныстар қабылдады.