BilimLand ресурстары География сабағында

20 Нау 2015
Кеңес
BilimLand ресурстары География сабағында
2709

 

Құрметті ұстаздар!

Бүгін сіздердің назарларыңызға География сабағында BilimLand ресурстарын қолдану мүмкіндігін ұсынып отырмыз. Бұл сабақ «Жер қыртысының қозғалысы. Жер сілкіну» тақырыбына арналған. Ұсынылған фильмдер мен жұмыс түрлерін өз ыңғайыңызға икемдеп, өзгертулер енгізіп қолдануларыңызға болады.

6  сыныпқа арналған сабақ жоспары

География пәні

Сабақтың тақырыбы: §18 Жер қыртысының қозғалысы. Жер сілкіну

Сабақтың мақсаты: 

Білімділік: Оқушыларға табиғат объектілерімен табиғи құбылыстар арасындағы себеп – салдар байланыстарды анықтай білуге үйрету. Жер қыртысының құрылысы жайында біліктілігін арттыру.

Дамытушылық: Дүниетанымдарын кеңейту. Ой - өрісін арттыру, ойлау қабілетін дамыту.

Тәрбиелік: Экологиялық тәрбие беру мақсатында оқушыларды қоршаған ортаны қорғай білуге, ластамауға тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, интернет, видео, карта - тірек сызбалар, карточкалар, оқулық (6-сынып. Физикалық География , Атамұра, 2011 ж.)

Сабақтың типі: жаңа сабақ

 

Сабақ барысы:

  • Кіріспе бөлімі
  • Негізгі бөлімі
  • Қорытынды бөлімі

Кіріспе бөлімі:

  1. Ұйымдастыру кезеңі
  2. Үй тапсырмасын сұрау

Негізгі бөлімі

Жаңа сабақты түсіндіру:

Өткен сабақта біз «Жер қыртысын түзетін тау жыныстары» тақырыбын өтіп, тау жыныстарының топтарын, қалай пайда болатыны, магмалық, шөгінді, метаморфтық тау жыныстарының қалай түзілетіні туралы білдік.

Біз сіздермен біраз жаңа сөздерді, терминдерді білеміз, соның бірі – жер қыртысы. Балалар, естеріңізге түсіріп «Жер қыртысы дегеніміз не?» деген сұраққа жауап беріңіздерші.

Жауабы: Жер қыртысы – Жердің беткі қатты қабығы, литосфераның негізгі бөлігі.

Қазір біз «Жер қыртысының қозғалыстары» туралы сөз қозғаймыз.

Жер қыртысы қозғалуының екі түрі болады: біріншісі – жер қыртысының баяу көтерілуі мен төмендеуі. Құрлықтың көтерілуі мен шөгуін өзен және теңіз жағалауындағы террасалар, теңіз жағалауларын су басуы, жағаға жақын маңда теңіз түбінен табылған ескі қорғандардың қалдықтары дәлелдейді. Жер қыртысының қозғалуы баяу жүреді, дегенмен бірнеше ғасырдың ішінде құрлықтың биіктігін және пішінін қатты өзгертеді.

Жер қыртысы қозғалысының екінші түрі – тау жасалу қозғалысы. Бұл қозғалыстар кезінде жер қыртыстары майысады, қатпарға бүктеледі немесе жарықтармен бөлшектенеді және сол жарықтарды бойлап ығысады. Мұндай құбылыс жер бедерін өзгертіп жібереді, мысалы, жазық жердің орнына таулар пайда болады.

Бүгінгі өтіп жатқан тақырыбымыздың екінші бөлігі немен байланысты екенін білу үшін алдымен мына видеоны көріп шығайық, сонан кейін сіздер маған видеоның тақырыбы туралы ойларыңызды айтасыздар.

Енді «Жер сілкіну дегеніміз не?» (02:21) деген видеоны тамашалайық:

Сонымен тақырыбымыздың екінші бөлігі «Жер сілкінумен» байланысты екен.

Жер сілкіну дегеніміз - жер қыртысымен жоғарғы мантияның кенет ығысуы, жерасты думпілерімен жер бетінің тербеле қозғалуы. (Оқулық бойынша мәліметтерді түсіндіру)

Мен сіздерге қазір әр елдерде болған жер сілкінулер туралы ақпаратты таратып беремін. Сіздер маған осы мәліметтерді дауыстап оқып беріңіздер.

Оқушыларға оқулықтың 54-бетіндегі сары жолақпен белгіленген  мәліметтер таратылады (алдын ала карточка түрінде дайындап қою керек)

Сейсмологтар (жер сілкінуді зерттейтін ғалымдар) соққы толқындар күшін сейсмометрмен өлшейді. Жер сілкінісі бір балдан он екі балға дейін жіктеледі (178-б. 2-қосымшаны қарау)

Өздеріңіз көріп отырғандай жер сілкінуін болжауға болады. Осы туралы шағын видеоны көріп жіберейік:

Видео «Жер сілкінісін болжау» (02:56)

Енді бір қорытындылап жіберейік, сабақ барысында қандай жаңа сөздерді естідіңіздер?

 

Жаңа сөздер: 

Жер сілкіну ошағы - жердің терең қойнауындағы жер сілкіну пайда болатын жер.

Жер сілкіну кезіндегі табиғи апаттар

Жер сілкіну құбылыстары

Теңіз тасқыны, Сел, Құйын, дауыл,  Су тасқыны, Цунами, Жартастың құлауы

 

Сейсмология - жер сілкінісі, олардың ошақтары және толқындардың жер қойнауында таралуы туралы ғылым.

Цунами - жапонша (қойнаудағы үлкен су)- теңіз түбіндегі жер сілкінуден пайда болатын сұрапыл жойқын толқын.

Тайфун – қытайша (тай фын - үлкен жел)- тынық мұхиттың Оңтүстік Шығыс Азия жақын маңында пайда болатын сұрапыл дауыл.

 

Бекіту тапсырмалары: 

  • Карточкалармен жұмыс. 
  • Кескін картаға Жер шарындағы басты жер сілкіну белдеулерін белгілеу.

Пысықтау сұрақтары:

  1. Жер қыртысы қозғалысының бірінші, екінші түрі қалай аталады?
  2. Жер сілкіну ошағы деп нені айтады?
  3. Жер сілкінудің эпицентрі деп нені айтады?
  4. Сейсмикалық аймақтар жершарында қанша белдеу түрінде таралған?
  5. Сейсмология қандай ғылым?

Қорытынды бөлімі:

Бағалау.

Рефлексия:

  1. Мен сабақта ... білдім
  2. Маған ... қиын болды
  3. Маған ... ұнады

Үйге тапсырма: §18,  52-55- б. оқу; Аса күшті жер сілкінулер және оның зардаптары жайында хабарлама жасау. Қосымша көруге арналған видеолар:

 

Жер сілкінісі:                                                        Жер сілкінісі:

Дамыған елдердің қарсы әрекеттері (03:28)            Кенже дамыған елдердің қарсы әрекеттері (03:30)                                           

   


Бақытгүл Орынбасарқызы Салыхова

Педагогика ғылымдарының кандидаты 

2Пікірлер

Пікір қалдыру үшін авторизация жасаңыз
Айгерім Жұмәділ
Айгерім Жұмәділ
27 ақпан 2018 ж. 20:15
Рахмет!
Гаухар Раимбекова
Гаухар Раимбекова
26 ақпан 2018 ж. 16:47
Рахмет!