Тәрбие жұмысындағы АКТ. Жеңімпаздар

30 Мам 2017
Блог
Тәрбие жұмысындағы АКТ. Жеңімпаздар
1284

Тәрбие мен білім – құстың қос қанаты секілді ажырамас егіз ұғым. Ұрпағын «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деп тәрбиелейтін халқымыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Ал ұлы ойшыл Әбу-насыр әл-Фарабидың «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп ой түюі көп нәрсені аңғартады. Тәрбие бала жанына мейірім мен ізгілікті орнықтырып қана қоймай, адалдық, әділдік, кішіпейілділік секілді адамгершілік қасиеттерді сіңіреді. Тәрбие жұмысы мектепте де басты назарда. Осы бағытта мұғалімдерге үзбей кәсіби қолдау көрсетіп келе жатқан Bilim Media Group компаниясы «Жаңашыл мұғалім-2017» байқауын ұйымдастыруда тәрбие бағытына ерекше мән берді.

Биылғы байқауға келіп түскен үздік жұмыстардың көп болуына байланысты тәуелсіз сараптама комиссиясы бір аталым бойынша екі жеңімпазды анықтады: Бірінші жеңімпаз Темірханова Әлия Бекешқызы байқауға «Мәңгілік ел мұраты» тақырыбындағы тәрбие сағатын ұсынды. Әлия Бекешқызы тарих пәнінің тәжірибелі мұғалімі, шәкірттерін облыстық байқауларға дайындап, жүлделі орындарға ие болып жүрген ұстаз.

Келесі жеңімпаз Алишева Қымбат Маратқызының жұмысы тақырыбының өзектілігімен ерекшеленді. Ақпараттық технологиялардың дамыған ғасырында жасөспірімдеріміз көп уақытын әлеуметтік желілерде өткізетіні ақиқат. Бұл мәселе ұстаздар қауымын ғана емес, ата-аналарды да алаңдатып отыр. Аталған мәселені тәрбие сағатында оқушылар өздері талқылап, әлеуметтік желінің пайдасы мен зиянының аражігін ажыратады. Сабақта оқушылар талқылаған мәселелер барлық жасөспірімдерге ой салары анық. Ұстаз өзекті мәселені тың формамен беруде bilimland.kz ресурстарын тиімді пайдалана алды. Үнемі ізденісте жүретін Қымбат Маратқызы дайындаған шәкірттер облыс деңгейіндегі ғылыми жобаларда жүлделі орындар иеленіп жүр.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ғұлама Абай ұстаздың еңбегін ерекше бағалаған. Біздің де сіздерге алғысымыз бен құрметіміз шексіз. Біз сіздерге шығармашылық шабыт пен игілікті еңбек тілейміз!

 

Темірханова Әлия Бекешқызы
Конкурс
Жеңімпаздың видеоүзіндісі
Павлодар облысы, Екібастұз қаласы
Мектеп: Мемлекеттік тілде оқытатын дарынды балаларға арналған «Зерде» мамандандырылған мектебі
Пәні: тарих
Тәрбие сағатының тақырыбы: Мәңгілік ел мұраты.

Жеңімпаз тәрбие сағатында «Мәңгілік ел» идеясының мақсат-мүддесін, мәні мен маңызын оқушыларға терең ұғындырып, оқушылардың патриоттық сезімдерін оята білді. Жұмыс тақырыптың өзектілігімен және мазмұнымен ерекшеленді.

Алишева Қымбат Маратқызы
Конкурс
Жеңімпаздың видеоүзіндісі
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Бекболат ауылы
Мектеп: 1 май орта мектебі
Пәні: физика
Тәрбие сағатының тақырыбы: Әлеуметтік желілерді дұрыс қолдана білейік.

Сабақ тақырыбы өте өзекті, әлеуметтік желінің пайдасы мен зиянын оқушылар өздері сараптады. Мұғалім тақырып шеңберінде ізденген. Сабақта тың әрі ұтымды әдіс-тәсілдер кеңінен пайдаланылған.

Жеңімпаздарды лайықты жеңістерімен құттықтаймыз!

3Пікірлер

Пікір қалдыру үшін авторизация жасаңыз
Айгерім Жұмәділ
Айгерім Жұмәділ
24 ақпан 2018 ж. 10:26
Құтты болсын! Жетістігіңіз көп бола берсін!
Жанат Баяхметова
Жанат Баяхметова
15 желтоқсан 2017 ж. 23:02
Құттықтаймын! Жетістігіңіз көп бола берсін!
Жанат Баяхметова
Жанат Баяхметова
15 желтоқсан 2017 ж. 23:01
Құтты болсын!