ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

30 Жел 2016
Тренинг
ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
5789

Bilim Media Group компаниясы электронды оқытудың жаңа форматын қалыптастырып, Қазақстан мұғалімдеріне инновациялық технологияларды қолдану арқылы білім беру сапасын көтеруде көмектесуді өзіне мақсат етіп қойды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мұғалім мен оқушының басты көмекшісі болып саналатын bilimland.kz платформасының сапасын жақсарта түсті.

2016 жылы сайт жаңа ресурстармен толықты. Мысалы, «Видеосабақтар» және «Мұғалімдер үшін» бөлімдерінен жаңашыл мұғалімдердің ашық сабақ видеоларын көруге болса, «Телевизиялық бағдарламалар» бөлімі сайттың білімқұмар қолданушыларына ең қызық мәліметтерді ұсынады. Ал, ағылшан тілін үйреніп, еркін сөйлегісі келетіндер үшін «Grammar & Vocabulary» жаңа курсы қосылды.

Қазақстан бойынша 4000-нан астам мектеп көптілді BilimLand платформасына қосылып, оның қолданылу аясы кеңи түсті. Компания жаңа қосылушыларға қолдау көрсету үшін үздіксіз тренингтер, семинарлар, вебинарлар өткізіп тұрды. 2016 жылы 5000-нан астам мұғалім оқыту ресурстарын қолдану туралы тренингтерге қатысып, 101 мектеп мұғалімдері кәсіби вебинар тыңдады.

Мұғалімдердің білім беру саласында АКТ-ны қолдану көрсеткішін арттыру және ұстаздың қоғамдағы әлеуметтік, кәсіптік беделін көтеру мақсатында Bilim Media Group компаниясы «Жаңашыл мұғалім» байқауын жыл сайын өткізіп тұру бастамасын ұсынды. Мұғалімнің кәсібилігі, шығармашылық әлеуеті және АКТ-ны білім беруде тиімді қолдана білуі - байқаудың басты шарттарын құрайды. Бұл байқау 2015 жылдан бастап дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. 2016 жылғы байқауда бас жүлдені Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласына қарасты Теңге ауылы мектебінің физика және информатика пәні мұғалімі Сүйрібаев Бақытбай жеңіп алды.

Қай салада болмасын еңбегіңнің әділ бағасын алу өте маңызды. Осы жыл біз үшін еңбегіміздің жоғары бағаланған жылы болды. Биыл Bilim Media Group компаниясы Мәскеу қаласында (26-28 қазанда) жаңа инновацияларға арналған, «Ашық инновациялар» деген атпен өткен халықаралық форумға қатысты. Астанада 25 қарашада өткен XI Инновациялық конгресте білім беру саласы бойынша "Инновациялық қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталды.

Әрине, біз үшін маңыздысы тек марапаттар емес, бастысы қарапайым мұғалімдер мен оқушылардың сайтымызға деген қызығушылығы. Тіпті, бірінші орында десек те болады. Сіздер үшін талмай еңбек етеміз! Баршаңызды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, игілікті еңбек тілейміз. Сондай-ақ, жаңа 2017 жылда Вilimland.kz порталына деген қызығушылықтың арта түсетініне сенімдіміз!

1Пікірлер

Пікір қалдыру үшін авторизация жасаңыз
Айгерім Жұмәділ
Айгерім Жұмәділ
24 ақпан 2018 ж. 11:05
Көп рахмет! Бұл сайттан көптеген ақпарат алуға болады екен. Көмектеріңіз тиіп жатыр. Алғысым шексіз...