Аудиохрестоматия

Аудиохрестоматия

Қазақ әдебиетінің аудиохрестоматиясы

Қазақ әдебиеті аудиохрестоматиясының мақсаты – пән мұғалімдеріне заманға сай құрал бере отырып, оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.

Аудиохрестоматия ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқу бағдарламасында аталған барлық шығармалардың толық аудио нұсқаларынан құралады.

Атап айтсақ, бұл оқу құралын дайындау аясында 130 автордың 1500-ден аса туындысының толық нұсқалары сандық таспаға жазылды. Нәтижесінде жалпы көлемі – 900 cағаттан астам аудио жазба жинақталды. Бұл қазақ әдебиеті інжу-маржандарының мұндай ауқымда тұңғыш рет таспаға түсуі.

Шығармаларды нақышына келтіріп оқуға кәсіби мамандар – елге танымал сахына шеберлері мен дикторлар тартылды. Олардың ішінде Нұрлан Өнербаев, Тыныс Өтебаев, Бүркіт Бекмағанбетов, Дана Нұржігіт, Балтабай Сейітмамытов, Самат Қордабай, Айдос Бектемір, Жомарт Зейнәбіл, Гүлжамал Қазақбаева, Бауыржан Қаптағай, Күнсұлу Тұрғанбекқызы, Шалқар Үркімбаев, Ерғали Төлебаев, Артур Төлепов, Ибагүл Қойшыбаевалар бар.

Аудиохрестоматия 5-11 сынып аралығындағы оқу бағдарламасына сай жүйеленіп берілген. Әр тақырыпта автордың өмірбаяны жайлы қысқа мәліметтер ұсынылып, шығармаға сипаттама беріледі. Сонымен қатар, әр шығарма мазмұнына қарай арнайы салынған көркемсуреттермен (слайдтармен) безендірілген. Бұл тыңдаушының қиялын ұштап, шығарманың мазмұны мен мәніне терең бойлауға жетелейді.

Аудиохрестоматияның ағартушылық мақсаты:

- әдебиетті оқытудың жаңашыл үлгісін (әдісін) ұсыну;

- оқытушыға заманға сай көмекші құрал ұсыну;

- оқушының өз бетімен оқуына, өзін-өзі дамытуына жағдай жасау;

- оқушылардың әдебиетке деген құштарлығын ояту;

- ұлттық әдебиетті насихаттау;

- отансүйгіштік сезімді күшейту.

Аудиохрестоматияның мүмкіндіктері

Қазақ әдебиетінің аудиохрестоматиясын білім беру ісінің сан-саласында оңтайлы пайдалануға болады. Аудиохрестоматияның кең мүмкіндіктерін көрсететін мынадай сипаттамаларын атауға болады:

– Мектептегі қазақ әдебиеті пәнін оқытудың жаңа үлгісі;

– Мектеп мұғалімдері сабақ барысында қолданатын ыңғайлы әрі оқушыға қызықты оқу құралы;

– Оқушының өз еркімен білім алуына мүмкіндік туғызатын заманауи ресурс;

– Мүмкіндігі шектеулі (зағип немесе көру мүмкіндігі төмен) және қабылдау деңгейі әртүрлі балалардың білім алуына, дамуына жол ашатын әлеуметтік мәні бар ресурс;

– Қазақ әдебиеті жаухарларының ірі де сапалы аудиоқоры;

– Қазақ әдебиетінің (авторлар мен шығармалардың) энциклопедиялық анықтамалығы.

Аудиохрестоматияның қызметі

Қазақ әдебиеті аудиохрестоматиясының атқарар қызметтеріне тоқталар болсақ, оның әдістемелік және дидактикалық мүмкіндіктерін атаған жөн.

Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай аудиохрестоматия келесі қызметтерді атқара алады:

- тілдің ұлт мәдениетінен ажырамас құбылыс екендігі туралы түсініктің негізін қалайды;

- сауатты сөйлеу және тілұстартудың маңызы туралы түсінік қалыптастырады;

- әдебиеттің ұлт және әлем мәдениетінің маңызды бөлігі екендігі туралы түсінік береді;

- тұрақты және жүйелі түрде оқу қажеттігін түсіндіреді;

- түрлі мәтін ерекшеліктерін танып, ажыратуға және оны талқылауға дағдыландырады;

- мәтінді талдау және интерпретациялау тәсілдерін үйретеді;

- эстетикалық талғам, рухани қажеттіліктер мен құндылықтарды қалыптастырады;

- өз бетімен әдебиет таңдау, оның мазмұнынан білім мен тәлім алуға дағдыландырады;

- қазақ мәдениетіне тән сөз өнерінің аса зор мәнін, мазмұнды да көркем сөздің қадірін түсінуге жетелейді;

- әдебиетті оқу мүмкіндігі шектеулі балаларға қолжетімді етеді;

- ақпараттық технологиялар мен оқытудың инновациялық құралдарын әдебиет пәнін оқытуға ұтымды кірістіреді;

- мұғалім мен оқушы арасындағы түсіністік, өзара сенім мен байланысты нығайтады.

Аудиохрестоматияны оқытудың (білім берудің) әр сатысында қолдануға мүмкіндік бар.

- орта білім

- жалпы білім

- инклюзивті білім

- жоғары білім

- өмір бойы жалғасатын үздіксіз білім алу

Аудиохрестоматияның қолданушылары

- оқытушы;

- оқушы;

- студент;

- мүмкіндігі шектеулі балалар;

- білім алушылардың басқа да топтары;

- әдебиетсүйер қауым;

- ата-аналар;

- қазақ тілін үйренуге құштар орта.

Қосымша: қазақ әдебиетінің аудиохрестоматиясына кірген авторлар мен шығармалар тізімі.