Виртуалды зертхана

Виртуалды зертхана

ВИРТУАЛДЫ ЗЕРТХАНА

Бұл – Колорадо Болдер ((University of Colorado Boulder - АҚШ) университетінің жетекші ғалымдары мен инженерлері физика, химия, биология, математика және география пәндері бойынша жасаған заманауи электрондық жаттықтырғыштар мен симуляторлардың бірегей кешені. Кешеннің түпнұсқа үлгісі ағылшын тілінде, аударылған нұсқасы қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған.

 

Кешеннің ерекшеліктері:

Виртуалды зертхана мұғалімдерге электронды жаттықтырғышты оқулықпен, Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі ұсынған қосымша оқу құралдарымен сәйкестендіріп, сабақ методикасын дербес құрылымдауға зор мүмкіндік береді. Аталған симуляторлар кешенін оқытуда қосымша құрал ретінде, сондай-ақ оқушылардың бойында ғылыми зерттеу дағдыларын дамытуға ықпал етерлік білімдер жүйесін қалыптастыру жабдығы ретінде пайдалануға болады.

Электронды жаттықтырғыштарды сипаты мен күрделілігіне қарай екі топқа жіктеуге болады. Біріншісі химия, физика, математика, география және биология пәндерінің типтік оқу бағдарламасына негізделсе, екіншісі күрделі симуляторлар жинағынан тұрады. Мұнда оқушылар берілген симуляторлар мазмұнына сәйкес қосымша әдебиеттер оқып, күрделі материалды зерттеу үшін зертханалық тәжірибелер жүргізеді және жаратылыстану ғылымдары пәндері бойынша өтетін пән олимпиадаларында, жоғары оқу орындарына түсу үшін тапсыратын емтихандарда берілетін тапсырмалардың шешемін табу керек. Екінші топтағы кейбір симуляторларды оқушылар арасында оқу-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырып өткізу үшін де пайдалануға болады.  

Кешеннің мақсаты:

Күрделі ғылыми құбылыстар мен заңдылықтарды күнделікті өмірлік мысалдар негізінде графикалық жолмен көрнекі түрде қарапайым түсіндіру.

Кешеннің артықшалықтары:

Анимацияланған интерактивті симуляторлар оқушылардың мұғалімдер көмегімен бақылау және сынақ жүргізуіне, сондай-ақ ғылыми негізде шынайы өмір мен заңдылықтар арасындағы байланысты айқын тануына мүмкіндік береді.

Симуляторларды көрнекі материал ретінде пайдалану барысында динамикалық үдерістерді (мысалы, атомдар, молекулалар, электрондар, фотондар) баяулатуға жылдамдатуға немесе көріністер арасында үзіліс жасауға болады. Сондықтан да симуляторлар теориялар мен заңдарды оқытуда, статикалық суреттер немесе жанды көрнекіліктерге қарағанда, үлкен мүмкіндіктерге ие және көзбен шолып байқап, ойлану дағдысын дамытуға қосымша құрал болып саналады.

Виртуалды жаттықтырғыштарды оқу материалын өзіндік пысықтау құралы ретінде пайдалану барысында оқушылар айнымалыларды еркін өзгертіп, тәжірибелер мен сынақтар өткізіп, нәтижелерін белгілеп отыруға мүмкіндік алады.

Ұсынылатын әдістер:

Біздің симуляторлар оқыту барысында оқушыларға қолдау көрсету мақсатында жасалып, сынақтан өткен. Олар тапсырмаларды мүлтіксіз атқарып, қатесіз жұмыс істейді. Дегенмен симуляторлар орынды қолданылмаса, тақырыпқа сәйкес әдемі ойыншық немесе әсерлі иллюстрация ғана болып қалмақ. Симуляторлар мұғалімнің мұқият ойластырылып, тиянақты ұйымдастырылған сабағында ғана оқытудың тиімді құралы бола алады. 

Симуляторларды әртүрлі тәсілдерді қолданып, түрлі іс-әрекеттер жасау үшін пайдалануға болады. Мұның барлығы да мұғалімнің шығармашылық ойы мен тапқырлығына байланысты. Қосымша құрал ретіндегі симуляторлармен жұмыс істеуде біз төмендегідей әдіс-тәсілдерді ұсынамыз:

Оқытуда симуляторлармен жұмыс істеудің нақты мақсатын құру:

 

  • Өтілетін тақырып пен симулятор мазмұнының сәйкестігін нақтылау;
  • бір симуляторды пайдалану барысында әртүрлі әрекеттерді жүзеге асыру үшін іс-әрекет түрін ауыстыру кезінде оқыту мақсатын да өзгерту ұсынылады;
  • жақсы нәтижеге жету үшін оқыту мақсатын нақты анықтау қажет. Мысалы, оқушылар зарядталған дененің айналасындағы электр өрісінің бағытын және күшін анықтай алады; Электр өрісіндегі электрондар қозғалысын сипаттай алады.

 

Оқытудың нақты айқындалмаған мақсаты дұрыс нәтижеге жеткізбейді. Мысалы, оқушылар гравитацияны түсініп, электр тізбегінің қалай жұмыс істейтіндігін біледі.  

Тақырыпты шынайы өмірмен байланыстыру. Оқушылар сабақтың күнделікті өмірмен байланыстылығын ұғынса, тақырып мазмұнын да тез түсініп, жылдам меңгереді. Симуляторларды жасау барысында біз иллюстрациялар мен жағдаяттарды күнделікті өмірмен тікелей  байланыстыруға тырыстық. Оқушыларға берілетін тапсырмаларды да теорияның қоршаған ортамен шынайы тығыз байланысты екендігін ескеріп құрылымдаған дұрыс. Сабақ жоспарын жасауда, сұрақтар мен мысалдар құруда оқушылардың қызығушылықтары мен жынысын, жасы мен дербес ерекшеліктерін ескерген жөн.

Топтық жұмыстар өткізуді жоспарлау. Симуляторлар – топпен зерттеу жұмыстарын жүргізуге және ортақ пікір қалыптастыруға таптырмас алаң. Оқушылар бір-біріне түсіндіріп және жарыса отырып, тақырыпты оңай әрі тез меңгереді.

Симуляторларды пайдалану жөнінде мейлінше аз нұсқау беру. Симуляторлар интуитивті түсінуді ынталандыру үшін жасалған. Пайдалану жөніндегі көпсатылы нұсқаулықтар оқушылардың шығармашылық ойлауы мен зерттеуге деген құлшынысын бәсеңдетуі мүмкін.

Оқушылардан өз тұжырымдарын түсіндіруді және оны негіздеуін сұрау. Симуляторлар үдерістер арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды түсінуге ынталандыру үшін жасалған. Сабақ оқушылардың өз білігімен түсінгенін басқаларға түсіндіргенде ғана қызықты да тиімді болады.