Дипломсыз мамандықтар

Дипломсыз мамандықтар

 Жоғарғы білім дипломынсыз-ақ қоғамда қажетті, сұраныстағы мамандық иесі атанып жүргендердің қарасы көбейіп келеді.

Соңғы уақытта төрт-бес жыл сарыла күтіп, құдық қазып алған дипломның айтарлықтай құны мен маңызы болмай қалды деген пікірлер айтылып жүргені рас. Жоғарғы білім дипломы көп мүмкіндіктерге жол ашса да, бүгінде әркімнің арнайы оқу бітірмей жақсы жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар. 

Осы орайда, «Дипломсыз қандай салада жұмыс істеуге болады?» деген сұраққа жауап іздеп, мамандықтар тізімін жасап көрдік.

Youtube блогер

 Youtube платформасына кіре қалсаңыз, түрлі авторлардың сан қилы тақырыпта түсірген видеоларына тап боласыз. Біреулер істеген тағамдарының жасалу жолын айтып түсіндірсе, енді біреулер компьютер құрылғысын дұрыс қолдану бойынша кеңестер айтып жатады. Кез келген тақырыпта видео түсіріп, блогер атануға мүмкіндік беретін тегін платформа, бүгінде бизнес алаңға айналып келеді.

Артықшылығы:

  • Жұмыс уақытының еркін болуы;
  • Жасампаздық, жаңашылдық қасиеттерін дамыту;
  • Монтаж, сценарий жасауды, дыбыс туралау мен әрлеуді үйрену;
  • Дикцияны қалыпқа келтіруді үйрену;
  • Ақпаратты сапалы жеткізуді үйрену;

Кемшілігі: 

  • Платформада белсенділік танытпасаңыз, канал арқылы пайда табу қиын;
  • Көп уақытты талап етеді;
  • Моральді түрле шаршау;
  • Үлкен жауапкершілік; 

Отандық Youtube платформасын дамытуға үлес қосып жүрген ютуберлердің бірі, блогер Есбол Қарағұлдың айтуы бойынша, бұл бағытта жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі бір ақпараттың қате айтылуы бүкіл халықты алдаумен тең.

 

Сәнбике

Егер сырт келбетіңізге сенімді болсаңыз дәл осы салада бақ сынап көруге әбден болады. Бүгінгі күні сәнбике (модель) болып қызмет етіп жүргендер саны көбейіп келеді: себебі мұнда ерекше біліктіліктің қажеті жоқ. Тек талап пен еңбек, өзіңе деген сенімділік қажет. Әрине, бұл салада адам өзінің денсаулығы мен сыртқы сымбатына көп көңіл бөлгені дұрыс.

Артықшылығы:

  • Адамның жан-жақты дамуына септігін тигізеді;
  • Саяхаттауға мүмкіндік;
  • Осы арқылы шоу-бизнес, кино саласында жұмыс істеуге жол ашылуы мүмкін;
  • Қосымша табыс көзі ретінде ыңғайлы;

Кемшілігі: 

  • Тұрақсыздық;
  • Қазақстанда саланың әлі де жақсы дамымауы;
  • Гонорардың аздығы;

Бет әрлеуші/Nail artist/Lash maker

Бет әрлеп, тырнақ сәндемейтіндердің қатары кем де кем. Тіпті ер адамдарға дейін сән салонына жүгініп жатады. Жастар арасында аса танымалдылыққа ие кәсіптердің бірі, табысы да жаман емес.

Артықшылығы:

  • Курс оқып тез меңгеруге болатын сала;
  • Құрал-жабдықтар болса, кез келген жерде жұмыс істеуге ыңғайлы;

Кемшілігі: 

  • Күрделі, бірқалыпсыз жұмыс уақыты;
  • Көп қимылсыз істелінетін жұмыс, денсаулыққа зияны тиюі мүмкін;

Сатушы

Алып-сатумен айналысатын адамдар көп және әр уақытта сұранысқа ие себебі тауар ұсынатын компаниялар көп.

Артықшылығы:

  • Адамдармен қарым-қатынас жасап үйрену;
  • Жылдам есеп-қисап жасауға машықтану;
  • Түрлі тауарлар жайлы қажетті ақпарат білу, салыстырып, талдауды үйрену;

Кемшілігі: 

  • Жұмыс уақытының кейде ұзаққа созылуы;

Тауарды жеткізу мен сақтау, бөлу бойынша менеджер

Бұл мамандықтың басты шарты тауарды тиімді әдіспен орналастыру мен жеткізу. Соның ішінде қаржы мәселелерін талдау, шығындарды есептеу, барлығының заң жүзінде іске асуын қадағалау керек.

Артықшылығы: 

  • Мансап жолында ары қарай көтерілуге мүмкіндік бар;

Кемшілігі:

  • Жауапкершілік;

Кәсіпкерлік

Нарықтық қатынастар заманында жас та, кәрі де кәсіпкерлікпен айналысуға бет бұрды. Жаңалықтардан мектеп оқушыларының бизнеспен айналысып жүргені туралы материалдарды оқып, таңғалмайтын уақытқа жеттік. Сондықтан, «Бұл менің салам емес»деп қол қусырып отырмай, кез келген тауарды сатылымға шығарып-ақ, кәсіпкер атанып жүргендер көп. Алайда, бұл іс тұрақтылықты, қайтпас қайсарлықты талап етеді.

Артықшылығы: 

  • Өзіңе жұмыс істеу, өзіңне бастық болу;
  • Жұмыс уақытына белгілі бір шектеу жоқ;

Кемшілігі: 

  • Құрдымға ұшырау қаупі басым;

Аталған мамандықтардан бөлек, арнайы курстардан өтіп, тігінші, аспаз сияқты кәсіп түрлерімен де жоғарғы оқу бітіргені туралы дипломсыз айналысуға болады.