Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері

Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері

    Бұл кітапта Дейл Карнеги адамдармен тіл табыса білудің негізгі қағидаттары, адамға ұнаудың алты амалы, ойыңызбен келісуге адамдарды қалай көндіруге, ренжітіп алмай адамдарды қалай өзгертуге болатынын жазады.
    Адаммен тіл табысудың қыр-сырын зерттеп, көпшілікке қарапайым тілмен ұсынған. Автор ұсынған ережелерді қолданып, өмірін түбегейлі өзгерткен адамдардың мысалын көрсетеді. Көптеген адамдардың өмірін, оқиғасын, болмысын негізге ала отырып тәлім қалдырғысы келеді. Дейл Карнеги біз күнделікті өмірде тап болатын қиындықтан шығудың тиімді жолдарын зерттеген. 1937 жылдан бері 15 миллионнан астам данамен таралғанына қарағанда адамдар бұл тақырыпқа мұқтаж.     
    Кітапты 3 түрлі адамға ұсынар едім:

1.Тек билік, мансап, жетістікті қалайтындар үшін «Көшбасшы бол» деген бөлімде көптеген әдіс-тәсілдерді айтады. Дейл Карнегидің кеңесімен, әрине, сіз адамдардың үстінен билікке ие бола аласыз. Бірақ сіз тек өзіңізді ойлай отырып, үнемі адамдардан пайда көруге тырысып, нағыз достар таба алатыныңыз екіталай.  Автордың өтірікке, екіжүзділікке, адамдарға өзін жоғары қоюға, жағымпаздыққа насихаттайтын тақырыпшалары бар. Ол мұндай қатынасты қалыпты жағдай ретінде қабылдайды.Автор адамның «маңызды болуды» қалайтындығын айтады. Дейл Карнеги адам бойындағы осы әлсіздікті өзінің игілігі үшін қалай пайдалану керектігін көрсетеді. 

2. Қазіргі таңда қаншама адамның ортасында жүрсе де өздерін жалғыз сезінетіндер көп. Төңірекпен тіл табыса алмай, тысқары қалып қойған адамның бұл кітаптан алары көп. Бейтаныс ортаға бейміделу, адамдармен сауатты қарым-қатынас жасау туралы «Адамдарға ұнаудың алты амалы»  деген бөлімінде жазған.

3. Адамдарды манипуляциялау дағдыларын үйренгісі келетіндер үшін және осы манипуляторлардан қорғану үшін оқу пайдалы. Карнеги – әрбір  адамның амбициясын, тілектері мен мәселелерін ұсақ-түйекке дейін зерттеген адам.Осы тақырыпқа байланысты «Ойыңызбен келісуге адамдарды қалай көндіруге болады?» деген бөлімде 12 ереже ұсынады.

     Жалпы, бұл кітап көптеген адамның адамдармен қарым-қатынасын реттейді. Адамға адам керек. Адамның мәселесі – адам. Сыртқы ортамен қатынаста көптеген қателік жіберіп жатамыз. Ол қателік адамды түсінбеуден, түсінуге тырыспаудан деп білемін. Осы кітап арқылы өзіңізді де, өзгені де түсінуге талпынасыз. Егер кітап жүрегіңізден орын алса, адамдармен қарым-қатынасыңыз гүлдене түсері сөзсіз.