Тарихта есімдері алтын әріппен жазылған, еңбегі мен ісі тамсануға, сүйсінуге, қайран қалуға тұрарлық әйел қауымы қаншама?
8 наурыз қарсаңында білім мен ғылым саласында еңбек етіп, есімдері тарихта қалған танымал әйелдер туралы сөз қозғайтын боламыз. Олар тек кәсіби мамандар ғана емес, сонымен бірге жаңашыл әйелдер. Әрине, олардың әрбірі сан қилы тағдырды бастан кешірген. Ғалым әйелдердің көпшілігі жаңалық ашу жолында отбасын құрбан етіп, шынайы бақытты сезіне алмаған. Дегенмен, бүгінде олар тек өз отанында ғана емес, бар әлемге танымал әрі құрметті.
Мария Склодовска-Кюри (1867-1934)
Поляк химигі мен физигі, радиохимияның негізін салушы, Нобель сыйлығын екі рет алған жалғыз әйел және осы сыйлықты бірден екі түрлі салада алған жалғыз адам. Жұбайы Пьер Кюримен бірлесіп, полоний, радий сынды элементтерді ашып, «радиоактивтілік» терминін енгізген.
Джозефина Кокрейн (1839-1913)
Кір жуғыш машинаны жасап шығарған данышпан әйел. Кеме ойлап тапқан Джон Финч есімді өнертапқыштың немересі. Кір жуғыш машинаны ойлап тапқан алғашқы әйел болмаса да, оның нұсқасы ұтымды әрі коммерциялық тұрғыда сәтті болған.
Ана-Василикия Аслан (1897-1988)
Румыниялық биолог, медицина саласының маманы, Еуропадағы геронтология мен гериатрия институтының негізін салушы. Адамның қартаю процесін зерттеп, оған қарсы препараттарды ойлап табумен айналысқан. Оның дәрігерлік көмегіне жүгінгендердің қатарында: Шарль де Голль, Чарли Чаплин, Никита Хрущев, Элизабет Тейлор, Хо Ши Мин, Индира Ганди, Сальвадор Дали сияқты танымал тұлғалар болған.
Софья Ковалевская (1850-1891)
Орыс математигі мен механигі. Солтүстік Еуропа мен Ресейдегі алғашқы әйел профессор. Әлемдегі ең алғашқы математика профессоры. Ол педагогика мен ғылымда үлкен жетістіктерге жеткен.
Рита Леви-Монтальчини (1909-2012)
Итальяндық нейробиолог, рак ауруына қатысты зерттеулері үшін Нобель сыйлығының лауреаты атанған. Папалық ғылым академиясына қабылданған алғашқы әйел адам. Еврей болғандықтан, соғыс жылдарында отбасымен бірге қашып жүруге мәжбүр болған. Сондықтан зерттеулерінің көп бөлігін жертөледе, өзінің бөлмесіне жасаған екен. Рита бар өмірін ғылыми зерттеулерге арнаған, ал одан түскен пайданы өзі ашқан қайырымдылық қорына жіберіп отырған. Қайырымдылық қоры мектеп ашуды қаржыландыру мен мұғалімдерге жұмыспен қамтумен айналысқан екен.
Ада Лавлейс (1815-1852)
Джордж Байрон есімді танымал ақынның қызы Ада Лавлейс тарихтағы алғашқы бағдарламалаушы, математик ретінде танымал. Бағдарламалау арқылы басқаруға болатын цифрлық есептеуіш машинаны жасаған. Аданың ойлап тапқан бағдарламасын сол жылдары ешкім түсінбеген, алайда кейін олар ЭЕМ (Электрондық есептеуіш машина) негізіне енген.
Элиза Зимфиреску
Алғашқы инженер әйел ретінде танымал. Сол уақыттағы әйелдерге деген тысқары пікірдің салдарынан, оны Бухарестте ораналсқан Көпір мен жолдар ұлттық мектебіне қабылдамай қойған. Соған қарамастан, Элиза Берлиндегі технологиялық академияға оқуға түседі. Элиза жетекшілік еткен зерттеулер көмір мен табиғи газдың жаңа көздерін табуға септігін тигізген.
Әйелдердің әрқайсысының өміріне толығырақ үңілсеңіз, олардың түрлі қиындықтар мен проблемаларға душар болғанын, отбасылық тауқымет шеккеніне көз жеткізесіз.
Осы орайда, нәзік жандылардың ең алдымен — ана, асыл жар екенін, өмірдегі маңызды миссиясы — ана атану екенін де естен шығармаған жөн. Сондықтан кәсіпті де, отбасылық өмірді де бірге алып жүруге тырысу керек. Ал бұл мысалдар, сіз үшін жетістікке жету жолында сіздің құлшыныс пен ынтаңызды арттырсын!