Адам бір көшкен керуен

Адам бір көшкен керуен

   Журналистикада сұхбат жанрының ретроспективті түрі бар. Ретроспективалық сұхбат дегеніміз – қайтыс болған, алайда тарихта ізі қалған, есімі белгілі қоғам қайраткерлерінен алынатын сұхбат түрі. Бұл сұхбаттың негізі – олардың өздерінен емес, артында қалдырған мұралары, романдары, жалпы жазбаларынан алынады.

     Оралхан Бөкей – өр  Алтайдың асқақ жазушысы. Ол заманның тынысы, сезімнің жаршысы. Ол – суреткер. Құдды, адам біткеннің жанына тұңғиықтан еніп, сыр шертіп тұратындай. Қазақ әдебиетінің көркемдік әлемінде ғажайып із қалдырған Оралхан Бөкеймен сұхбатымыз адам сезімі  жайлы болмақ.

- Армысыз, аға?! Сізді көрген-білген жұрттың бәрі адам жайлы сұрайтыны мәлім. Ұғымдардан адасып жүрген жастарға, адам жайлы бір үзік сыр айтасыз ба?

- Аманбысың, қарағым?! Бүкіл әлемде адам баласы қаншалықты мол болса, соншалықты жалғыз – оны жалғызсыратпайтын айрылмас адал досы - өзінің ОЙЫ ғана. Адамның қателігі кемшілік жіберуінде емес, сол кемшілікті кешіктірмей түземеуінде дер едім. Осы екеуін жете түсінген адамның өмірі – бір арнаға түсері анық.Адам – бір көшкен керуен...

- Сіздің ойыңызша, адамның жаманы бар ма? Біз бар болғаны адамдарды түсінбей, бағалай алмай жүрген жоқпыз ба? Төменде жүргендердің бəрі ынжық, ақымақ көрінетін секілді... Əйтсе де, астына арғымақ мінгізіп, аузына сөз салса, бұл жұрттың қайсысы, кімнен кімі артық дейсіз?..

- Дұрыс айтасың, шырақ, тууы бір пенденің өлуі де бір екен. Өмір ауылынан кейбіреулер бұралаңы ұзақ азапты жолмен барады, ал енді біреулер қысқа да қызықты даңғыл жолмен барады. Бірақ шыққан жері де, баратын жері де біреу ғой. Ол – өмір мен өлім сапары. Қалған қарекетің – алдамшы дүние, иә-иә, бәрі де бекершілік.

- Сіз адам жанына тереңінен үңіліп, қатпар-қатпарын зерттейсіз. Сіздің туындыларыңызды оқып отырып, кейіпкерлеріңіздің барлығында сырға толы мұң барын байқаймыз.. Сіздің ойыңызша, мұң деген не?

- Меніңше, мұң қуаныштың серігі, қуаныштың жары десе де болады. Мұң бізді ессіз күлкіден арылтады, тәубамызды есімізге түсіреді. Ағат іс, ақымақ жүрістен сақтандырады. Мен бұрын мұңның осыншалық құдіреті бар-ау деп ойлаған емеспін.

- Ал, сағыныш жайлы не айтасыз, аға?

- Шынында да, өз-өзіңнен бұдан бұрын ешқашан естімеген, еш жерден көрмеген әлденені сағынасың, сарыла күтесің; бәрі бар, бәрі жетеді, бірақ бір нәрсе жетпейтіндей; ол не? Өмір бақи білмейсіз; көзіңнің алды тұманданғандай буалдыр сағымға шомасыз да, мәңгі тыныш күйді аңсайсыз; бейне бір анаң алдына алып әлдилеп отырғандай, соншалық тәтті сезіммен бейуақ халді кешесіз;ешкімнің мазаламауын тілеп алыстан... тым-тым шыңыраудан талып жетер нәзік үнге жүрегіңізді тосасыз; ымырттанған қуанышты мұң қабыздап, іңір мезеттің жұмсақ шапағына шомылдырып, еркелетеді; дәл осы сәтте іштей жарылқанып, егілесіз, көзіңізден жас шығады.

- Ғұмырдың сәнін кетіріп, мәнін қашыратын не?

-Қиянат!Не нәрсе сұлу болса, отап тастауға, не нәрсе биік болса, құлатып тастауға, не нәрсе аппақ болса, қаралап тастауға, не нәрсе сау-саламат болса, жаралап тастауға, не нәрсе адал болса, арамдап тастауға әуес жұмыр басты пенденің өз оңбағандықтарынан ақталар "ақиқаты" әрқашанда дайын...

- Сіздің тақырыбыңыз – адам. Адам үшін ең өзекті тақырып – тағдыр. Ал, сіз үшін бұл ұғым нені білдіреді? Тағдырға сенесіз бе? Өмірден өткені де, сүріп жатқаны да, сүретіні де осы сұраққа кезігері анық. Сұхбатымыз бен осы сұраққа нүкте қойсаңыз?

- Әсте тағдыр деген ғайыптан пайда болмақ емес, тек бір-бірімізді алдап, иландырып,  бейбіт тұрмыс құру үшін, өне бойы қаскөй жан жаралар жамандығымызды "тағдыр" деген әлденеге жамай саламыз, сөйтіп әлемдегі бар,  бар қайғы-қасірет, обал-сауапты тағдыр мен құдайдан көреміз. Ал тағдыр дегеніміз - адамдардың өзді-өзіне жасар қысастығынан пайда болар көзге көрінбейтін, әйтсе де минут сайын инедей қадалып, ыңырсытып отыратын індет екенін мойындайықшы...

- Әңгімелескеніңізге рақмет!