18 МЫҢНАН АСТАМ МҰҒАЛІМ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ БОЙЫНША ТЕГІН КУРСТАРДАН ӨТТІ

18 МЫҢНАН АСТАМ МҰҒАЛІМ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ БОЙЫНША ТЕГІН КУРСТАРДАН ӨТТІ

Қазақстанда пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға арналған тегін курстар өтіп жатыр. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 18 мыңнан астам мұғалім оқудан өтті.

Курстар осы жылдың тамыз айында басталған болатын. Бұл курстарды «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының өкілдері әзірлеп, өткізіп жатыр. Орталық 40 мыңнан астам пән мұғалімін оқытуды жоспарлап отыр.

«Өрлеу» орталығы бір айдың ішінде 700-ге жуық курс өткізді және оған 18 мыңнан астам мұғалім қатысты. Бүгінгі күні 5 мың педагог оқып жатыр, олар курстың соңында тест тапсырады. Кәсіби біліктілігін арттырғысы келетін ұстаздар санының жыл санап артып келе жатқаны қуантады. Мұндай курстар ұстаздар жұмысының сапасына да, білім сапасына да, жалпы оқушылардың біліміне де оң әсер ететінін түсіну маңызды», - деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әсел Мухаметжанова.

Бұған дейін «Өрлеу» орталығының 70-тен астам маманы 12 пән бойынша 44 бағдарлама әзірлеген болатын. Математика, информатика, физика, химия, биология, география, жаратылыстану, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих және бастауыш сынып мұғалімдері біліктілікті арттыру курстарынан тегін өте алады. Курстар қараша айының соңына дейін жалғасады.

Курстың соңында оқытудың тиімділігіне талдау мен мұғалімдердің алған біліміне қорытынды бағалау жүргізіледі. Сондай-ақ мұғалімдер міндетті түрде тест тапсыруы керек. Барлық бөлім бойынша шекті балл жинаған мұғалімдер сертификат алады.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ