2022 ЖЫЛДЫҢ БАСЫНАН БЕРІ 250-ДЕН АСТАМ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОҚУШЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАЛАРДА МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

2022 ЖЫЛДЫҢ БАСЫНАН БЕРІ 250-ДЕН АСТАМ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОҚУШЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАЛАРДА МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

Биылдың басынан бері 252 қазақстандық оқушы негізгі пәндер бойынша халықаралық олимпиадаларда медаль жеңіп алды. Жас дарындар ел қоржынына 45 алтын, 78 күміс, 129 қола медаль әкелді. Олар математикадан қашықтан өткен халықаралық Азия-Тынық мұхиты олимпиадасы, математикадан халықаралық «Жібек жолы» олимпиадасы, математикадан Балқан олимпиадасы, химиядан оқушылар арасындағы халықаралық Менделеев олимпиадасы, физикадан Азия олимпиадасы (APhO), мамандандырылған мектептердің оқушыларына арналған математика, физика және информатикадан Халықаралық Жәутіков олимпиадасы сияқты беделді құрлықтық олимпиадаларда Қазақстанның намысын қорғады.

«Осы жылы халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысушылар саны 600 оқушыға дейін жетті. 27 оқушымыз өткен жылдардың рекордын жаңартып, ең беделді 7 халықаралық олимпиадада, атап айтқанда, IMO, IPhO, IBO, IOL, IchO және т.б. олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болды. Оқушыларымыз осы олимпиадаларға қатысу тарихында алғаш рет 73 млн теңгеден астам сыйақы алды. Сондай-ақ оларға отандық жоғары оқу орындарында оқу үшін гранттар берілді. Келесі жылы балаларға осындай қолдау көрсетілетін олимпиадалар тізімі 7-ден 14-ке дейін артады», - деді Орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Алтын медаль алған оқушы 1 500 АЕК, күміс медаль үшін 1 000 АЕК, қола медаль үшін 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы алады. Сондай-ақ оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да біржолғы сыйақы алады.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ