418 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҮРКІСТАНДЫҚ ОҚУШЫ ҚОСЫМША БІЛІММЕН ҚАМТЫЛҒАН

418 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҮРКІСТАНДЫҚ ОҚУШЫ ҚОСЫМША БІЛІММЕН ҚАМТЫЛҒАН

Бүгінде Түркістан облысында 13,5 мыңнан астам қосымша білім беру үйірмелері мен секциялары жұмыс істейді. Оларға 418 мыңға жуық оқушы қатысады. Түркістандық балалар министрмен кездесуде зияткерлік, шығармашылық және спорт салаларындағы жетістіктерімен бөлісті.

Кездесуге қатысқандар арасында "Білім-инновация" лицейінің 11-сынып оқушысы Азамат Тастыбай да болды. Оқушы географияны зерттеп жүргенін айтты. Биыл ол республикалық пәндік олимпиаданың жүлдегері атанды.

«География - күрделі ғылым. Маған оның табиғатты ғана емес, кең ойлауды да зерттей алатыны ұнайды. Пәнді таңдауда маған әлемді жаһандық ауқымда көрсеткен мұғалімдерім ерекше рөл атқарды. Мен оларға өте ризамын», - деді Азамат.

Сондай-ақ төменгі сынып оқушылары асханадағы тамақтануға қатысты өз әсерлерімен бөлісті. Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1,6 млн-нан астам бала тегін тамақпен қамтылған. Оның ішінде Түркістан облысының 200 мыңнан астам оқушысы бар.

«Біз күн сайын бүкіл сыныппен бірге асханаға барамыз. Бізге әртүрлі тағамдар дайындалады. Біз өзімізге жасалған қамқорлықты сезінеміз. Президентімізге рахмет», - деді үшінші сынып оқушысы Нұрислам Тоқтыбай.

Жас өрендер министрмен емен-жарқын әңгімелесіп, өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Кездесу соңында Ғани Бейсембаев оқушыларға сабақтарын жақсы оқып, үлкен жетістіктерге жетулерін тіледі. Айта кетейік, Түркістан облысының 1032 мектебінде 520 мыңға жуық бала оқиды.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ