АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ОРТА МЕКТЕБІНДЕГІ ОҚУ ПРОЦЕСІ ОНЛАЙН РЕЖИМДЕ БАҚЫЛАУДА
616
0
0
13.09.2021
Ақмола облысының П.Исаков атындағы №1 орта мектебіндегі оқу процесі онлайн режимде бақылауда. Мектептің барлық периметрі бойынша және оған іргелес аумақта 27 бейнебақылау камерасы орнатылған. Мектеп басшылығы атап өткендей, ең алдымен бұл шара балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар мектепте қауіпсіздік және оқу орнына кіру үрдісін бақылау жүйесі орнатылған. Оған қоса тұлғаны тану құрылғылары, турникеттер және хабарландыру жүйесі бар.
Мектептің оқу кабинеттері бейнебақылау камераларымен, сонымен бірге қозғалыс, есіктің тұйықталуы мен түтін пайда болғанда хабардар ететін арнайы құрылғылармен жабдықталған. Мектепте сондай-ақ өртке қарсы датчиктер мен атмосфералық ауа сапасын бақылайтын құрал-жабдықтар орнатылған. Қауіпсіздік жүйелерінен барлық ақпарат тікелей қаладағы ахуалдық орталыққа түседі.
«Мұндай технологиялар оқушылардың қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Оқушылар мектепке электрондық смарт-карталар арқылы кіріп, шығады. Бұл оқушылардың сабаққа қатысуы барысында электрондық есеп жүргізуге мүмкіндік береді, ал ата-аналар өз балаларын бақылай алады. Ата-аналар баланың мектепке келуі және кетуі туралы Telegram мессенджерінің көмегімен хабардар етіледі», — деп атап өтті П.Исаков атындағы №1 Ақкөл орта мектебінің директоры Әсел Садықова.
Білім ордасындағы тағы бір жаңашылдық – электрондық кітапхананың енгізілуі. Қызметтерді автоматтандыру кітапхана қорын есепке алуды жеңілдетті. Электрондық каталог жасалып, оқырмандарға қызмет көрсету уақыты қысқартылды. Мұғалімдер мен оқушылар смарт-карталарды пайдаланады. Бұл мектеп оқушылары арасында ең танымал болып табылатын әдебиеттер бойынша мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Білім беру ұйымын дамыту бағдарламасы шеңберінде мектептің материалдық-техникалық базасы да жетілдірілді. Бюджет қаражаты есебінен 170 бірлік компьютерлік техника мен жоғары жылдамдықты модемдер сатып алынды. Сонымен қатар өткен оқу жылында биология, робототехника кабинеттері заманауи жабдықтармен жабдықталған. Спорт залы үшін мектеп басшылығы 260 бірлік спорттық құрал-жабдық сатып алған.
П. Исаков атындағы №1 Ақкөл орта мектебі көптілділік оқыту бойынша пилоттық жобаға қатысып жатыр. Мектеп базасында шағын жинақты оқу орындары үшін ресурстық орталық құрылып, жұмыс істейді. Ақкөл мектебі жас экологтардың еріктілер қозғалысын дамыту бойынша да тірек мектеп болып табылады.
Білім беру сапасы туралы айтатын болсақ, мектеп оқушылары — облыстық, республикалық зияткерлік байқаулар мен олимпиадаларда жүлделі орын иегерлері. Сондай-ақ оқу орны «аудандағы оқуға құштар мектеп» атағына ие.
Мектеп мұғалімдері балалардың экологиялық білім алуына ерекше назар аударады. Мектептегі «Жасыл планета» экологиялық мұражайы аймақтағы ең үздік деп танылса, ал мектеп оқушылары Ақмола облысының үздік экоблогерлері атанған.
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ