Асхат Аймағамбетов Ақмола облысындағы мектептер мен колледждерді аралағаны туралы
379
0
0
23.06.2022
Ақмола облысындағы бірнеше ауыл мектебін араладым. Бұл мектептердің жағдайы, тәртібі, тазалығы, жабдықталуы, басшылардың тапсырмалар мен өз міндеттерін түсінуі сияқты мәселелер көңіл көншітпейді.
Жұмыс мектеп басшылары деңгейінде дұрыс жүргізіліп отырған жоқ. Сонымен қатар мектеп кітапханаларының жұмысы да талапқа сай емес. Бұл әкімге, басқарма басшысына емес, директордың жұмысына байланысты.
Жұмыс сапарлары кезінде мектептерден үлгі аларлық жұмыстарды да, кемшіліктерді де байқаймын.
Енді жұмыстың жағымды бөлігіне де тоқталайын. Республикалық «Жас маман» жобасы бойынша жабдықталған Ақмола облысының Жоғары техникалық колледжінде болдым. Материалдық-техникалық жағынан тиісті деңгейде жабдықталған. Түлектердің жұмысқа орналасуы мен жұмыспен қамтылуы 97%.
Ұжымның мақтауға тұрарлық жұмысын да елемеуге болмайды. Өндірістік оқыту шеберлері және арнайы пән оқытушылары өз жұмысы мен міндетін біледі. Жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатылған.
Қаңтар мен наурыз аралығында студенттер шетелдік компанияларда ақылы өндірістік тәжірибеден өткен. Сонымен бірге жұмыс берушілердің қатысуымен демо-емтихандар да өткізіледі. Онымен қоса, колледжде практикалық сабақтарда өндірілген өнімдерді сату жұмыстары жолға қойылған.
Сондай-ақ Щучинск қаласындағы жаңа «Білім-инновация» IT лицейінде де болдым. Мектептің педагогикалық құрамының сапасы, материалдық-техникалық базасы, сапалы жұмысы мен ауқымды жоспарлары көңілден шықты. Мұнда оқыту процесіне стандартты түрде емес, шығармашылық тәсілдер арқылы қарайды, онымен қоса, ең бастысы өз ісіне шын ықыласпен қарайтын мұғалімдердің бары қуантты. Әріптестеріміз білім беру бағдарламаларына, ІТ лицейлердің үлгілеріне өз ұсыныстарын дайындауға келісімін берді. Ал біз алдағы уақытта соған қатысты тиісті шешім қабылдаймыз.
Осы білім беру ұйымының барлығына тапсырмалар беріп, оларды орындау мерзімдерін белгіледім.
https://www.facebook.com/askhat.aimagambetov/posts/pfbid02SMNXfFkeJ3duUsmtbcGzExDkPn6YSve25tV8twR7c6typ5oepoBsvjnuJZWmDzaal
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ