Асхат Аймағамбетов еліміздің әскери жоғары оқу орындарындағы өзгерістер мен мектептердегі әскери-патриоттық тәрбие туралы
718
0
0
20.05.2022
Кеше Қорғаныс министрімен бірге мектептерде әскери-патриоттық тәрбие беру, еліміздің әскери жоғары оқу орындарында кадрларды даярлау және әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мәселелерін талқыладық.
Мемлекет басшысы әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын арттыруды тапсырған болатын. Осы орайда бұл іс-шаралар Президенттің тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталып отыр.
Еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отансүйгіштікке тәрбиелеу, жастарды алғашқы әскери даярлықтан өткізу және офицерлер даярлау – ол ортақ міндет. Ал осы бағытта біздің министрлік өте маңызды рөл атқарады.
Осыған байланысты біз мынадай ұсыныстарды қолға алдық.
1. Мерзімді әскери қызметті өткерудің тартымдылығын арттыру үшін біз әскери борышын өтеген университет және «Кадет» сыныбын бітірген түлектер грант алу үшін 5% квота бөлуді ұсындық. Бұл жыл сайын 3 000-нан астам грант.
2. Оның үстіне университет түлектері әскери қызметтен өткен жағдайда грантты 3 жыл бойы өтеу мерзімінен босатылады.
Қазір мемлекет есебінен оқығандардың барлығына оны өтеу талабы қойылатынын еске сала кетейін.
Бұл оқуға түсушілерді ынталандырып, әскери қызметке деген қызығушылықты арттырады деп ойлаймын.
3. Біз әскери қызметте немесе бітімгершілік және басқа да арнайы операцияларға қатысып, қаза тапқан әскери қызметшілердің балаларына университеттерде оқуға гранттар беру туралы норманы енгізуді ұсынып отырмыз.
4. Мерзімді әскери қызметін өтеп жүргендердің білім алуына қатысты. Қазір олардың әскери қызметті өткеруіне байланысты білім алуға мүмкіндіктері көп емес. Сол себепті олар үшін жаппай онлайн курстар ашуды жоспарлап отырмыз.
Біз сондай-ақ сарбаздардың оқу нәтижелерін қайта тексеруге және қысқа мерзімді курстардан өтіп, біліктілік емтиханын тапсырып, оларға жұмысшы мамандығын алғаны туралы диплом беруге дайынбыз.
5. Тағы бір маңызды бастама – кейбір әскери бөлімдерде колледждер ашу. Осы мәселе бойынша талдау жүргізіліп, нақты шешім қабылданады.
6. Университеттердегі әскери кафедраларды оңтайландырып, қайта қарауды ұсынамыз. Бізді олардың жұмысының сапасы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері алаңдатады. Студенттерге нашар білім беріп, сапаны көтеруді ойламайтын әскери кафедраларды жабу қажет деп санаймыз. Сондай-ақ әскери кафедралардың барлық қызметкерін қайта аттестациядан өткізу керек. Оқуға қабылдаудың нақты, ашық және шынайы ережелерін қабылдаған дұрыс. Сонымен бірге мемлекеттік тапсырыстың құнын арттыру қажет.
7. Сонымен қатар кадет сыныптарының түлектеріне әскери-техникалық бағыттағы ЖОО-ларға қабылдау кезінде квота қарастыруды ұсынамыз. Жалпы НҚА-да кадет сыныптарының жұмысы регламенттеледі. Қазір елімізде жалпы білім беретін мектептердің кадет сыныптарында 22 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр.
Оқу бағдарламалары, ынталандыру пакеттері және басқа да мәселелер Қорғаныс министрлігімен бірлесіп шешіледі.
8. «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні бойынша. Біз оқу бағдарламасын тәжірибеге бағытталған білім мен машық алу бағытында жаңартып жатырмыз.
Біз Қорғаныс министрлігінен 5 күндік әскери-дала оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін оқу полигондарын беруді
сұрадық, бұл «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің бағдарламасында бар.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің басшысымен бірге оқу пәндері мен оқу жүктемесіне түзетулер енгізу мәселелерін де талқылағанымызды қоса кетейін.
https://www.facebook.com/1120704037/posts/10220080239372517/?d=n
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ