Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде белгілі журналист, ҚР Журналистер Академиясының академигі, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, жоғары оқу орнының түлегі Михаил Дорофеев атындағы аудиторияның ашылуы өтті.
Аудиторияның ашылу салтанатына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы — ректор Саламат Идрисов, Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушов, журналистика ардагері Любовь Монастырская және тағы басқалар қатысты.
Қатысушылар Михаил Дорофеевті жылы лебізбен еске алып, оның отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесін атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, Михаил Дорофеев 25 жылдан астам журналистика саласында қызмет еткен маман. Кәсіби қызметін Атырау облысының бұқаралық ақпарат құралдарында бастап, КТК телеарнасында, «Экспресс К», «Город» және «Мегаполис» газеттерінде жұмыс істеді, республикалық телеарналарды басқарды. Қазақстанның белгілі тележүргізушісі және журналистика Академиясының академигі болды. Соңғы жылдары М. Дорофеев Informburo.kz ақпараттық-сараптамалық сайтының бас редакторы болды.
М. Дорофеевтің әріптестері оның жақсы тәлімгер және журналистердің бірнеше буынын тәрбиелегенін атап өтті. Оның құрметіне аталған аудиторияда студенттер – болашақ журналистер оқитын болады.Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басшылығы сонымен бірге М.В. Дорофеев атындағы стипендия тағайындады.