АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ҚОҒАМДЫҚ-ГУМАНИТАРЛЫҚ ПӘНДЕР БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫНЫҢ ЕСІМДЕРІ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ҚОҒАМДЫҚ-ГУМАНИТАРЛЫҚ ПӘНДЕР БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫНЫҢ ЕСІМДЕРІ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Бүгін елордада ауыл мектептері оқушыларының қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиадасының қорытындысы шықты. Естеріңізге сала кетейік, зияткерлік сайыс алғаш рет өткізіліп отыр. Бастапқы кезеңде оған еліміздің шалғай ауылдарынан 80 мыңнан астам оқушы қатысты.

Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиадада 10-11 сынып аралығындағы ауыл мектептерінен 165 оқушы жеңімпаз атанды. Олар 83 қола, 49 күміс және 33 алтын жүлдені жеңіп алды.

Марапаттау рәсіміне Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев қатысты.

«Бүгін біз қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 7 пән бойынша жеңіске жеткен ауыл мектептерінің үздік оқушыларын марапаттап жатырмыз. Олардың барлығы аймақтық іріктеу кезеңдерінен өтіп, республикалық олимпиадада жеңіске жетті және өздерінің білімдері мен дайындықтарын көрсете білді. Сіздерге жаңа жетістіктер мен көздеген мақсаттарыңызға жету үшін табандылық тілеймін», - деді өз құттықтауында Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.

Олимпиаданың республикалық кезеңіне ауыл мектептерінің 500-ге жуық оқушысы қатысып, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі пәндері бойынша бақ сынасты.

«Үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша бірінші дәрежелі дипломмен Маңғыстау облысының командасы марапатталды. Екінші орынды Түркістан және Жетісу облыстарының командалары бөлісті. Сонымен қатар, жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 31 ректорлық гранты табысталды.

Республикалық кезеңге қатысқан барлық оқушылар интеллектуалды жарыстарға дайындалу үшін «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданатын болады. Ал I дәрежелі диплом иегерлері наурыз айында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ