Осы аптада Асхат Аймағамбетов Ақмола және Қарағанды облыстарына барды. Министр Тайтөбедегі ауылдық мектептің жай-күйімен танысып, материалдық-техникалық базасын көрді. Мектеп кітапханасындағы кітап қорын толықтыру қажеттілігін айтып, мектеп асханасының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов Қосшыда салынып жатқан мектепке барып, әкімдік өкілдеріне құрылысты сапалы әрі қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Ал Қарағандыда математика пәні мұғалімдерінің республикалық съезі өтті. Жиын барысында маңызды шешімдер қабылданды, ол жайында министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Отандық ғылым саласындағы серпіліс.Қазақстандық ғалым тін жасушаларын пайдалану арқылы күрделі сынықтарды емдеудің бірегей технологиясын ойлап тапты. Вячеслав Огай сынған немесе зақымдалған тізе буындарын емдеуді жеделдететін гидрогель жасады. Клиникаға дейінгі зерттеулердің нәтижесі препараттың тиімділігі жоғары екенін растады. Жақын арада біз гидрогель пайдаланылған алғашқы операцияның нәтижесін жариялаймыз.
Енді жоғары білім саласындағы мамандарға көшейік. Қазақстандық оқытушылардың қатары практик мамандармен толығып, күшейіп жатыр. Оқу жылы басталғалы жоғары оқу орындарына 350 кәсіби шебер келді. Олардың арасында танымал журналистер, тәжірибелі дипломаттар, халықаралық компаниялардың өкілдері мен өндіріс басшылары да бар. Білім және ғылым министрлігінің заңнамалық түзетулерінің арқасында университеттер енді кадр мәселесіне алаңдамай, жұмыс берушілердің сұранысы негізінде студенттерді оқытуға саладағы практик мамандарды шақыра алады.
Абайлаңыздар, университеттер жабылды! Қазақстандық үш университет сот шешімімен жабылды. Олар – Орталық Азия университеті, Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті және Астана университеті. Министрлік сапалы білім беруді талап етеді. Сондықтан өрескел заңбұзушылықтар анықталған болса, университеттерге алдымен екі мәрте «сары қағаз» көрсетіледі, яғни білім сапасын жақсартуға уақыт беріледі. Талап орындалмаса, университет «қызыл қағаз» алып, жұмысын тоқтатады.Себебі, шынайы әрі сапалы білім дипломнан маңыздырақ.
Біз таланттарды іздейміз!Өткен жылы қазақстандық мектеп оқушылары халықаралық олимпиадаларда рекордтық медаль жеңіп алғаны естеріңізде ме? Осы күндері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Дарын» орталығы аудандық олимпиадалар өткізіп жатыр. Жарысқа 291 ауданнан 100 мыңға жуық оқушы қатысуда. Алғашқы іріктеуден өткендер үшін зияткерлік сайыстың деңгейі өсіп, республикалық кезеңге дейін жетеді. Одан әрі жеңімпаздар әлемдік аренада еліміздің намысын қорғап, дүниежүзіне білімдерін паш етеді. Айтпақшы, цифрландыру дәуірі аудандық және облыстық олимпиадаларды да айналып өтпеді. Зияткерлік сайыстар биыл алғаш рет электронды форматта өтіп жатыр. Бұл білім жарысының ашықтығын қамтамасыз етеді.
Білім және ғылым министрлігінің апталық жаңалықтарына шолу осындай. Демалыстарыңыз сәтті өтсін!