БІЗ СЕРІКТЕСТЕРІМІЗДІҢ МӘДЕНИЕТІН ҚҰРМЕТТЕЙМІЗ - АРИЗОНА УНИВЕРСИТЕТІ М. ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ

БІЗ СЕРІКТЕСТЕРІМІЗДІҢ МӘДЕНИЕТІН ҚҰРМЕТТЕЙМІЗ - АРИЗОНА УНИВЕРСИТЕТІ М. ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ

Қазақстанға ресми сапармен Аризона университеті ректорының орынбасары Лизл Фолкс келді. Америкалық университеттің өкілі вице-премьер Ералы Тоғжановпен кездесті.  Тараптар Аризона университеті мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті арасындағы ынтымақтастықты талқылады.

Ералы Тоғжанов Білім және ғылым министрлігіне осы жылдың қыркүйек айында СҚО-дағы Аризона университетінің филиалына студенттерді қабылдауды бастауды тапсырды.

Аризона университеті басшысының орынбасары Лизл Фолкс ынтымақтастықтың басты мақсаты халықаралық стандарттарға сай білім беру бағдарламаларын әзірлеу және қазақстандық университеттің ғылыми әлеуетін дамыту екенін айтты. Сонымен бірге ол студенттермен тәрбие жұмысын жүргізу қазақстандық тараптың жауапкершілік саласы екенін атап өтті.

«Біз Қазақстанның және М. Қозыбаев атындағы университеттің ерекшеліктерімен жақсы таныспыз. Біз ең алдымен серіктестеріміздің мәдениетіне үлкен мән береміз және құрметтейміз, ең бастысы, олардың дәстүрлі құндылықтарына ұқыптылықпен қараймыз. Осы орайда біздің ынтымақтастығымыз білім беру бағдарламаларын әзірлеу және оқу жұмысы аясында жүзеге асатынын атап өткен жөн. Ал біз тек білім бөлігіне жауаптымыз.  Бұл туралы келіссөздер барысында бірнеше рет келістік. Университетте тәрбие жұмысы жақсы жолға қойылған, оқу-тәрбие бөлімі ректордың жеке бақылауында болады. Сол себепті оқу-тәрбие жұмысына араласып, оған өзгерістер енгізудің қажеті жоқ деп есептейміз. Біз әлемнің 11 елімен ынтымақтастық орнатқанбыз. Олардың қатарында Перу, Индонезия және басқа да елдер бар. Яғни бізде шетелдік әріптестермен ынтымақтастық тәжірибесі мол. Алайда Қазақстан бұл аймақтағы бірінші серіктесіміз. Бұл біз үшін өте қызықты және жаңа тәжірибе. Біздің үйренетініміз де көп», - деді Лизл Фолкс.

Айта кетейік, ынтымақтастықтың арқасында қазақстандық студенттерге қос диплом – қазақстандық университет пен Аризона университетінің дипломын алу мүмкіндігі беріледі.

Сонымен қатар академиялық ұтқырлық бағдарламалары әзірленеді. Бұл аймақтық жоғары оқу орындарының базасында озық ғылыми зерттеулер мен халықаралық жобаларды жүргізуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу арқылы қазақстандық жоғары білім беру жүйесін экономиканың қажеттіліктеріне сай қайта форматтауды тапсырған болатын.

Америкалық ЖОО -  136 жылдық тарихы бар мемлекеттік зерттеу университеті. Бүгінгі таңда жоғары оқу орны білім беру саласында 11 мемлекетпен ынтымақтастық орнатқан.  Одан бөлек, университет Шанхай рейтингінде (ARWU) 101-150, Times Higher Education рейтингінде 124-орында тұр.

 

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ