Екібастұздық мұғалім Дария Дошимова оқушылардың оқуға деген ынтасы мен қызығушылығын арттыру үшін түрлі ойын технологияларын қолданады.
Дария Дошимова Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы №35 мектеп-гимназиясында “Кәсіпкерлік және бизнес негіздері” пәнінен сабақ береді. Сондай-ақ ол Youtube желісінде білім беру каналын жүргізеді және жалпы білім беретін пәндерді оқытуда геймификация әдісін пайдалануды енгізіп жүр.
Сонымен қатар педагог Екібастұзда Республикалық жас кәсіпкерлер клубын құрған. Клубтың президенті - қалалық №35 мектептің 10 "А" сынып оқушысы. Бүгінде клубтың филиалдары Семей және Қызылорда қалаларында да ашылған. Дария Дошимова оқушылар арасында ойын турнирлерін ұйымдастыруға атсалысып тұрады.
Ұстаз білім беру саласында 15 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде Дария Дошимова оқытудың түрлі әдістерін ойлап тапқан. Бүгінде ол – жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Шәкірттері Дария Салаватовна жұмысқа шығармашылық көзқараспен қарайтын кәсіби маман екенін айтады.
«Қазіргі заманның балаларын Интернеттен алшақтату үшін оған балама ретінде үстел ойындарын ойлап табудамыз. Өйткені, шынайы өмірдегі зияткерлік ойын онлайн ойындарға қарағанда әлдеқайда пайдалы және қызықты. Балалар уақытын қызықты әрі тиімді өткізгенін қалаймын. Экономика және қаржылық сауаттылық бағыттары бойынша үстел ойынын негізге алып отырмын. Ол ойынды балалар жеті сағат бойы үзіліссіз ойнайды. Бұл үстел ойыны балаға қаржылық сауаттылықты үйретеді. Енді мен оқушылар басқа пәндерді де қызығушылықпен оқуы үшін осындай ойындарды енгізуді жоспарлап отырмын. Кәсіпкерлік негіздерімен танысу үшін өткізілетін ойындарға қатысқан мектеп оқушылары мен колледж студенттері пәнді оқытудың осындай әдістері оларға ұнайтынын айтады», – деді Дария Дошимова.
Сонымен қатар ұстаз басқа салаларда да жақсы жетістіктерге жеткен.
Ол - Павлодар облысы педагогтерінің арасында шаңғы жарысының алтын жүлдегері, баскетбол ойындарының сегіз дүркін жүлдегері, сондай-ақ ату жарыстарының жүлдегері.
Қазіргі уақытта Дария Дошимова шет тілдер мен психология саласын меңгеруде. Болашақта түрлі ұрпақ өкілдеріне арналған білім беру кітабын шығаруды жоспарлап жүр.