Ауыл мектептері оқушыларының республикалық олимпиадасы биылғы жылдың қараша және 2024 жылдың қаңтар айлары аралығында алғаш рет өткізіледі. Аталмыш бастама қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінде өткен аппарат отырысында белгілі болды.«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсыновтың айтуынша, олимпиадаға ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қатыса алады. Мұндағы мақсат – еліміздің шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтап, дамыту, халықаралық олимпиадаларға қатысуға ынталандыру. «Республикалық олимпиадаларда академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін тапсырмалар әр қатысушыға жеке электронды түрде жіберіледі. Олимпиаданың барлық кезеңдерінде оқушылардың аты-жөні көрінбейді. Әр кезеңнен кейін тапсырмалардың сканерленген нұсқасы, қатысушылардың жұмыстары мен дұрыс жауаптар орталықтың сайтында жарияланады», - дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры.Жоғарыда аталған қағидалардың барлығы ең беделді әлемдік IMO, IPhO, IChO, IBO, IGeO, IOI және IOL олимпиадалардың ережелеріне сүйеніп жасақталған. Бұл олимпиадаларда жеңімпаз болған қазақстандықтарға мемлекет тарапынан 500-ден 1500 АЕК-ке дейін қаржылық қолдау көрсетіледі. Биылғы жылы 23 оқушы жүлделі орындарға ие болды. «Қазақстандық оқушылардың осындай жоғары жетістіктерін ескере отырып, халықаралық ұйымдастыру комитеті биологиядан ең беделді әлемдік олимпиаданы 2024 жылы Астанада өткізу туралы шешім қабылдады. Оған 80 елден 330-ға жуық үздік жас биолог қатысады деп күтілуде», - дейді Ғаждембек Тұрсынов. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев атап өткендей, мұндай ауқымды шараның өткізілуі – еліміздің бүкіл оқу-ағарту саласының жетістігі мен жоғары мәртебе. «Пәндік олимпиада – балалардың санасында алғашқы ғылыми ізденістерге жол салатын, болашақ ғалымдарды шабыттандыратын, ғылыммен еркін айналысатын жастар тобын қалыптастыратын ең ауқымды бағдарламалық сайыс. Қазақстандық мектеп оқушыларының беделді олимпиадаларға қатысу рейтингі жеңіс қоржынында медальдар санының көбейгенін, білім сапасының артқанын көрсетеді. Сондықтан республикалық олимпиадалардың әрқайсысының сапалы әрі жоғары деңгейде өтуі маңызды», – деп қорытындылады Ғани Бейсембаев.Айта кету керек, елімізде жыл сайын жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушылары арасында олимпиадалар ұйымдастырылады. Оларға 300 мыңға жуық мектеп оқушысы қатысуда.
ЕЛІМІЗДЕ АЛҒАШ РЕТ АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ӨТЕДІ
711
0
0
18.10.2023
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ