Еліміздің екі өңірінде жайлы мектеп ашылды
124
0
0
07.11.2024
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қостанай облысының Арқалық қаласында және Жамбыл облысының Тараз қаласында тағы екі жайлы мектеп ашылды.
Арқалықтағы мектеп 300 орынға арналған, онда балалардың бойында зерттеушілік дағдыларын қалыптастыру мақсатында заманауи жабдықтармен жарақтандырылған 26 оқу кабинеті бар.
Айта кететіні, мектепте оқушылардың IT-құзыреттілігін, ғылыми және шығармашылық әлеуетін қолдау үшін заманауи робототехника кабинеттері, компьютерлік сыныптар және STEM-зертханалары да қарастырылған. Естеріңізге сала кетейік, жуырда осы өңірдің Заречный ауылында да жаңа жайлы мектеп қолданысқа берілген болатын.
Тараз қаласында да 1200 орындық жайлы мектеп оқушыларға өз есігін айқара ашты. Мектеп ғимаратында мәжіліс залы, 60-қа жуық оқу кабинеті, асхана, 2 спорт залы, 2 лингафон кабинеті, 3 зертхана, кітапхана, компьютер залдары, сонымен қатар 3 шеберхана мен 10 коворкинг-орталық бар. Бұл Жамбыл облысында ашылып отырған екінші жайлы мектеп.
Айта кету керек, жыл басынан бері елімізде 84 мың оқушы орнына арналған 32 жайлы мектеп ашылды.
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ