ЕЖЕНЕДЕЛЬНЫЙ ОБЗОР РАБОТЫ МИНИСТЕРСТВА ОБРАЗОВАНИЯ И НАУКИ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН

ЕЖЕНЕДЕЛЬНЫЙ ОБЗОР РАБОТЫ МИНИСТЕРСТВА ОБРАЗОВАНИЯ И НАУКИ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елордадағы және Ақмола облысындағы бірнеше мектепті аралады.

Тайтөбе ауылындағы 700 оқушыға арналған мектеп 2016 жылы қолданысқа берілген. Министр мектеп кітапханасының қоры, әсіресе, сұранысқа ие көркем әдебиеттің аз екенін айтып, асханадағы баға мен ассортимент мәселесіне қатысты да ескерту жасады. Асхат Аймағамбетов мектеп мұғалімдерімен жаңартылатын білім беру бағдарламасы мен ұстаздарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша әңгімелесті.

 

Білім және ғылым министрі жекеменшік «Дара» мектебінің жұмысымен танысты.

Мектеп мұғалімдерінің жалақысы мемлекеттік тапсырысқа тікелей байланысты болғандықтан еңбекақы мөлшеріне қатысты бірқатар сұрақтар бар. Асхат Аймағамбетов қаржы орталығы мен бюджеттік жоспарлау департаментіне мәселені қосымша зерттеп, ұсыныстар енгізуді тапсырды.

 

Министр Қосшы қаласындағы жаңа мектептің құрылысымен танысты. 1200 балаға арналған ғимарат үш ауысымды оқыту мәселесін шешуі тиіс. Асхат Аймағамбетов мектеп құрылысын мерзімінен кешіктіріп жатқан мердігер жұмысын сынға алды. Білім және ғылым министрі мәселелер мен ескертулердің қалай шешілгенін бақылайтынын айтты.

 

Асхат Аймағамбетов математика пәні мұғалімдерінің республикалық съезіне қатысты.

Министр білікті техникалық мамандарды даярлау үшін математикалық білім беру концепциясын жетілдіру керектігін айтты. Бірінші кезекте мектеп оқулықтарының сапасы мен білім мазмұны қайта қаралады. Орта буында математика пәнін оқушыларды бөліп оқыту тәжірибесін енгізу жоспарланып отыр. Мұғалімдердің пәндік білімін дамыту мен маман тапшылығы мәселесін шешу бағытында да бірқатар шаралар атқарылады.

 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті.

Ведомство басшысы жоғары білім беру бағыты бойынша министрлік жасап жатқан реформалардың маңыздылығын түсіндірді. Бүгінде ғылыми гранттар байқауы, академиялық басымдылық орталықтары, онлайн оқу форматы сынды жобалар еліміздегі университеттер үшін қосымша қаржы тартудың тамаша мүмкіндігі. Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарын ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе облыс экономикасына пайдасы тиетін зерттеулермен айналысуға шақырды. Оқытушылардың айлығын өсіріп, жемқорлықтың кез-келген түріне жол бермеуді қатаң ескертті.

Осы аптада Айбат Ілиясов білім және ғылым вице-министрі болып тағайындалды.

Министрдің жаңа орынбасары цифрландыру саласына жетекшілік етеді. Айбат Болатұлы осыған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаментінің директоры қызметін атқарды.

Ұлттық биотехнология орталығының ғалымы Вячеслав Огай күрделі сынықтарды емдеуді жеделдететін бірегей гидрогель ойлап тапты.

Ғылыми бағдарламаны ғылымды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында Білім және ғылым министрлігі қаржыландырады. Препарат бағаналы жасушаларды пайдалану технологиясы негізінде жасалған. Осының арқасында сүйек және шеміршек тіндері операциядан кейін 3-6 ай ішінде қалпына келеді. Күрделі сынықтар мен тізе буындарын емдеудің жаңа технологиясы Н.Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ҒЗИ базасында клиникалық сынақтан өтіп жатыр.

 

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ