Информатикадан XIV Еуразиялық олимпиадада жүлделі орынға ие болған қазақстандық мектеп оқушылары 15 білім грантын иеленді. Финалдық тур 2022 жылғы 4-5 желтоқсанда Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінде өтті.
Олимпиадаға жыл сайын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерден, сондай-ақ Еуропа мен Азиядан 1 000-ға жуық бала қатысады. Биыл еліміздің әр өңірінен 100-ден астам бала зияткерлік сайыстарда Қазақстанның намысын қорғады.
«Оқу-ағарту министрлігі дарынды балаларды қолдау мақсатында осы олимпиаданы жыл сайын өткізеді. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша еліміздің әр өңірінің 7-11-сыныптарының оқушылары жеңіске жетті. Атап айтқанда, 1-орынды 9 оқушы, 2-орынды 12, 3-орынды 21 оқушы жеңіп алды. Барлық жеңімпаз, соның ішінде басқа елдерден келгендер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен марапатталды. Ең көп ұпай жинаған 15 оқушы Қазақстан-Британ техникалық университетінің грантын жеңіп алды», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.