Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевпен бірге Astana Hub технопаркінде болып, білім саласында түрлі цифрлық шешімдер ұсынатын отандық EdTech-стартап жобалармен танысты. Бұған дейін оқу-ағарту министрлігі ЦДИАӨМ-мен бірлесіп оқушылар мен педагогтерді бағдарламалау негіздеріне оқытатын онлайн білім беру платформасының пилоттық жобасын іске қосқан болатын. Ол бойынша бүгінде 300 педагог пен тренер «Жасанды интеллект» және Game Development бағыттары бойынша біліктілігін арттыруда. Министрге оқытушының қатысуынсыз және дәріссіз әдістеме бойынша стденттердің өзара оқыту қағидаттарына негізделген Tomorrow School жасанды интеллект мектебі таныстырылды. Ғани Бейсембаев жасанды интеллект мамандарын даярлауға арналған бұл жобаның мектеп оқушыларына бейімделген нұсқасын жасау мәселесін пысықтауды ұсынды. «Қазіргі даму үдерістері білім беру процесін цифрлық трансформациялау бойынша жаңа ұстанымды, тың әдіс-тәсілді талап етеді. Жас ұрпаққа заманауи талапқа сай сапалы, бәсекеге қабілетті білім беру үшін әрбір педагогтің ІТ-құзыреттілігін арттыруға, мектептер мен колледждерде цифрлық білім беру ортасын құруға, сапалы контент ұсынуға баса мән берілуі керек. Сонымен қатар білім алушылардың цифрлық қауіпсіздігі бірінші кезекте қамтамасыз етілуі тиіс», - деді Ғани Бейсембаев. Сондай-ақ министрге білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ортақ білім беру экожүйесін құруға, жасөспірімдерге кәсіптік бағыт-бағдар беруге, олимпиада қатысушыларын офлайн форматта қашықтықтан оқытуға бағытталған отандық IT-қызметтер мен өнімдерінің таныстырылымы ұсынылды. Айта кету керек, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес білім беру саласын цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қазақстандық мектептерде интернет сапасы үш есе жақсартылды, барлық мектеп оқулықтары цифрлық форматқа көшіріліп, ол 11 платформаға жүктелді. Білім беру ресурстарының қолжетімділігін арттыру мақсатында eGovMobile мобильді қосымшасында «Bilim» сервисі іске қосылды, сондай-ақ орта білім аттестаты, техникалық және кәсіптік білім дипломдары электронды үкімет порталындағы цифрлық құжаттардың тізбесіне енді.
Оқу-ағарту министрі Astana Hub технопаркінің білім саласындағы стартап жобаларымен танысты
188
0
0
15.11.2024
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ