ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Г

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған министр Ғани Бейсембаев Өскемен қаласында педагогикалық ұжымдармен және ата-аналар қауымымен бірқатар кездесулер өткізді. Министр өңір тұрғындарының ұсыныс-тілектерін тыңдап, ведомство тарапынан атқарылып жатқан басым міндеттерге тоқталды.

Ұстаздардың әлеуетін үздіксіз арттыра отырып, сапалы білімге қол жеткізуге болады. Биылдан бастап министрлік Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша әзірленген «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасын бастады. Іріктеуден өткен жаңа форматтағы басшылар даярлаудан өтіп жатыр. Сондай-ақ педагогтерді аттестаттаудан өткізу жүйесі де жетілдірілуде.

«Білікті педагог кадрларды дайындау және педагог қызметінің беделін арттыру бірінші кезектегі міндет болып қала береді. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есе, ал биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің жалақысы тағы 30 пайызға өсті. Алайда, ұстаз болу үнемі өзін-өзі жетілдіруді, кәсіби шыңдалып отыруды және эмпатияны талап етеді. Бізге жүктелетін ең басты міндеттердің бірі -  қоғамда ағартушылық қызметін атқару миссиясы», – деді Ғани Бейсембаев.

Бұл мәселеде, министрдің айтуынша, мектеп, отбасы және бүкіл қоғам арасындағы байланысты нығайтуға аса көңіл бөлу қажет.

«Мектеп – жай ғана оқу орны емес, балаларға өмірдегі ең маңызды құндылықтарды түсіндіретін орта. Балалар мектеп қабырғасынан жоғары мәдениетке, отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа сусындап өсіп, өз елін құрметтей, бағалай білуі тиіс. Биылдан бастап барлық білім беру ұйымдарында «Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары» іске қосылды. Бұл орталықтардың жұмысы  балаларды тәрбиелеуде заманауи тәсілдерді енгізуге және позитивті ата-ана  мәдениетін дамытуға бағытталған», - деді министр.

Ғани Бейсембаев тұрғындардың мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруге қатысты қойылған барлық сауалдарына жауап берді.  Кездесуден соң азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізілді.

 

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ