«ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ» ЗАҢНЫҢ АРҚАСЫНДА ҚАЗАҚСТАНДА МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН БҰЗУ САНЫ АЙТАРЛЫҚТАЙ АЗАЙДЫ

«ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ» ЗАҢНЫҢ АРҚАСЫНДА ҚАЗАҚСТАНДА МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН БҰЗУ САНЫ АЙТАРЛЫҚТАЙ АЗАЙДЫ

Қазақстанда мұғалімдердің құқықтарын бұзу фактілері айтарлықтай азайды. Мысалы, 2021 жылы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне «Педагог мәртебесі туралы» заң нормаларының сақталмауы туралы 105 өтініш түскен болса, биыл 67 өтініш тіркелген.

Мұғалімдердің құқықтарын бұзу фактілері бойынша әкімшілік істер де азайған. Былтыр 56, биыл 25 әкімшілік іс қозғалды. Олардың барлығына тиісті шаралар қабылданды.

Яғни 2019 жылы қабылданған заң мұғалімдерді міндетіне жатпайтын қызметтерге тартуға тыйым салып, артық есеп беруді талап ету және мұғалімдердің құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті қамтамасыз етті.

«Мұғалімдердің құқықтарын бұзу фактілері барынша азайды. 2019 жылға дейінгі жағдай мен «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейінгі жағдайды салыстыруға келмейді. Мектептер әкімдіктердің қарамағында болғандықтан, мұғалімдер қоғамдық орындарды тазалауға жиі тартылатын, олар бірқатар іс-шарада «массовка» болатын, жөндеу жұмыстарына қатысып, көптеген газетке жазылатын, үй-үйді аралап, басқа да міндетіне жатпайтын жұмысқа тартылатын. Енді мұндай жағдайлар қысқарып, жойылды деуге болады. Барлық лауазымды тұлға бірден жауапқа тартылады. Заң қабылданған алғашқы жылы мыңнан астам рет заң бұзылып, көп басшыны жазалауға тура келсе, қазір бұл көрсеткіш күрт азайды», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ