Президент ұлағатты ұстаздар тұтас ұлтты тәрбиелейтінін атап өтіп, жастардың бойына адал азаматқа тән қасиеттерді сіңіру өте маңызды екенін жеткізді

Президент ұлағатты ұстаздар тұтас ұлтты тәрбиелейтінін атап өтіп, жастардың бойына адал азаматқа тән қасиеттерді сіңіру өте маңызды екенін жеткізді
– Оқушыларды білімпаздыққа, отаншылдыққа, еңбекқорлыққа баулу қажет. Әрине, қазіргі заманда бұл оңай шаруа емес. Соңғы кезде интернеттің теріс бағыттағы шырмауына түскен жастар көбейіп кетті. Біз балаларды түрлі қатерден қорғай білуіміз керек. Осыған байланысты нақты шаралар қабылданып жатыр. Менің тапсырмаммен «Біртұтас тәрбие» атты арнайы бағдарлама дайындалды. Бұл құжатта Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілді. Мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды, – деді Мемлекет басшысы.   Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіне ұстаздармен бірге ата-аналар да атсалысуы қажет деп санайды. Бұл орайда, Президент мұғалімдердің пандемия, су тасқыны кезінде оқу үдерісін тоқтатпай, міндетін адал атқарып, елге жанашырлық танытқанын мысал етті. – Мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрінен биік. Ұлы тұлғалардың өзі ұстазының алдында шәкірт болып қала береді. Бір сөзбен айтсақ, барша жетістіктің бастауында ұстаз тұр. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында. Менің мақсатым – ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу. Себебі сіздер бала оқыту арқылы келешектің кірпішін қалайсыздар. Қазақстанның дамыған ел болуына зор үлес қосып жүрсіздер. Сіздердің табанды еңбектеріңіз ерекше құрмет пен жоғары марапатқа лайық, – деді Президент.   Мемлекет басшысы Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбегі ерен мұғалімдер жеткілікті екенін атап өтіп, алдағы уақытта олар да назардан тыс қалмайтынын айтты. – Ұстаздар әулетіне айрықша мән беріледі. Бүгін мен білім беру ісінде 350 жыл еңбек өтілі бар Асылаевтар отбасы туралы мақаланы оқыдым. Олар Абай облысында тұрады екен. Мұндай өнегелі әулеттер елімізде көп деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.   Akorda.kz
Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ