ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Арай Уразова Кореяның білім және зерттеу мәселелері жөніндегі ақпарат қызметінің (KERIS) өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында цифрлық білім беруді дамыту мәселелері, сондай-ақ білім беру ұйымдарында киберқауіпсіздік пен киберэтиканы дамыту мәселелері бойынша Кореямен тәжірибе алмасу талқыланды.
Қазақстанның Оқу-ағарту вице-министрі министрлік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар мен білім беру сапасын арттыру мақсатындағы IT-технологияларды дамыту мәселелеріне тоқталды.
«Кореяның тәжірибесі Қазақстанның білім беру жүйесінде жасанды интеллектті дамытуға ықпал ететін болады. Бұл кездесу білім беру ұйымдарында қауіпсіз және этикалық білім беру ортасын жақсартуға және құруға ықпал ететін киберқауіпсіздік және кибербуллинг бойынша нұсқаулықтарды әзірлеудегі маңызды қадам болатынына сенімдімін», — деп атап өтті Арай Уразова.
KERIS сарапшылары А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау білім беруді зерттеу және бағалау ұлттық орталығы» АҚ және ЮНЕСКО-мен бірлескен бағдарлама шеңберінде қазақстандық білім алушылардың АКТ-сауаттылығын арттыру үшін басшылық қағидаттарды әзірлеу бойынша жоба жүргізуде. Қазақстанда цифрлық білім беруді дамыту мәселелерін зерделеу үшін корейлік сарапшылар білім беру саласындағы түрлі стейкхолдерлермен, атап айтқанда Астана қаласы білім басқармасының басшыларымен және мамандарымен, сондай-ақ педагогтермен бірқатар кездесулер өткізді.
Жоба қорытындысы бойынша корейлік сарапшылар Қазақстанда жүргізілген зерттеулер бойынша толық есеп пен қазақстандық білім алушылардың цифрлық сауаттылығын дамыту үшін практикалық ұсынымдар әзірлейді.