ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МЕКТЕПТЕРДЕ ҮШ МЫҢҒА ЖУЫҚ РОБОТОТЕХНИКА КАБИНЕТІ АШЫЛДЫ
606
0
0
05.10.2021
Қазақстандық мектептерде үш мыңға жуық робототехника кабинеті ашылды. Бұл жерде осы бағыт бойынша қызығушылық танытатын оқушылар үшін арнайы үйірмелер өткізіледі. Барлық кабинет қажетті компьютерлік жабдықтармен және оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Мектептерде оқушылар үшін арнайы үйірмелер де ұйымдастырылған.
Айта кетейік, министрлік тарапынан педагогтердің робототехника саласындағы білімі мен дағдыларын жетілдіру барысында жұмыс жүргізілді. Соңғы екі жылда екі мыңға жуық мұғалім робототехника курсынан өтті.
«Робототехника — бұл арнайы конструкторлардың көмегімен робот жасау дегенді білдіреді. Әрбір оқушы тек дәріс тыңдап қана қоймай, роботты өз бетінше жинай алады. Мұғалімдер балаларды механиканың негіздерімен таныстырып, олардың практикалық дағдыларын дамытады. Балалар бұл процеске қатысу барысында асқан қызығушылық танытып, жобаларын өз бетінше құруды үйренеді. Бұл балалардың бойындағы жауапкершілік, тәртіп және зейінді дамытады. Сонымен қатар робототехника балалардың физика, математика және ақпараттық технологиялар саласындағы білімін жетілдіреді», — деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.
Алмас Сарбозов Қостанай облысы Амантоғай ауылындағы шағын жинақты ауыл мектебінде информатика пәнінің мұғалімі болып істейді. Екі жыл бұрын ол ауыл оқушыларына арналған робототехника үйірмесін ашты. Егер бастапқыда үйірмеге 3-4 бала ғана қызығушылық танытса, қазір оған әр түрлі жастағы 30-ға жуық бала қатысады.
«Мен балаларға өз пайдамды тигізгім келіп, робототехника үйірмесін аштым. Мектептегі кабинет жабдықталған. Қазір оқушыларымыз түрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жатыр. Пандемия кезінде біздің балалар өздігінен іске қосылатын санитайзер ойлап тапты. Оқушылар тиісті бағдарламаны әзірлеп, құрылғыны жинады. Адам санитайзерге жақындаған кезде ол автоматты түрде іске қосылады. Жақын арада оқушыларымыз еліміздің атынан халықаралық жарыстарға қатысып, өз жұмыстарын көпшілікке таныстырады деп үміттенемін», — деді робототехника үйірмесінің жетекшісі Алмас Сарбозов.
Ауыл оқушылары тәлімгердің сенімін ақтағылары келеді. Олар колледж бен жоғары оқу орындарында білім алып, кейін кәсіби инженер-робототехник болуды армандайды.
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ