ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПЕДАГОГТЕР TALIS ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗЕРТТЕУІНЕ ҚАТЫСАДЫ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПЕДАГОГТЕР TALIS ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗЕРТТЕУІНЕ ҚАТЫСАДЫ

Ақпанның 12-сі мен наурыздың 20-сы аралығында 50-ден астам елдің қатысуымен TALIS-2024 төртінші циклі өтеді. Оған 378 қазақстандық мектептің 8000-ға жуық мұғалімдері мен директорлары қатысады.

«Бұл циклдің ерекшелігі білім беру жүйесінің қазіргі мәселелері туралы жаңа сұрақтардың қосылуы: әртүрлілік пен теңдік, оқушылардың әлеуметтік және эмоционалдық оқуы, білім беру мақсатында технологияларды пайдалану және қоршаған орта мен тұрақты даму бойынша білім беру. Зерттеуге Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының, Республикалық білім мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығының, «Өрлеу» БАҰО сарапшылары және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушылары бірлесіп әзірлеген ұлттық мәселелер енгізіледі» - деді Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.

TALIS-2024 бойынша қазақстандық педагогтердің нәтижелерінің егжей-тегжейлі талдаулары қамтылған ұлттық есеп 2026 жылы жарияланады. Нәтижелер республиканың сегіз макроөңірі бойынша ұсынылады.

Анықтама үшін: Қазақстан TALIS зерттеуіне 2018 жылдан бері қатысып келеді. Оның нәтижелері «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеу кезінде ескерілді. TALIS (Teaching and Learning International Survey) әр алты жыл сайын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қолдауымен өткізіліп келеді және ол ең ауқымды халықаралық зерттеулердің біріне айналған. Зерттеу еліміздің педагогикалық корпусының күшті және әлсіз тұстарын анықтауға және мектептердегі педагогтер мен білім беру ортасының жұмыс жағдайларын тәуелсіз бағалауға мүмкіндік береді.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ