Қостанай облысында Тоғызақ орта мектебінің директоры ерте кәсіптік бағдар берудің арқасында кадр тапшылығы мәселесін шешті. Бүгін мектеп мұғалімдерінің 80%-ға жуығы өз түлектері. Қазіргі оқушыларға ұстаздық мамандыққа деген сүйіспеншілік 5-сыныптан бастап үйретіледі.
Бұған дейін мектеп директоры, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Татьяна Александровна Леванова «Дос» педагогикалық жасақты ашқан болатын. Тегін курстарда балалар 5-сыныптан бастап мұғалім мамандығымен танысады және педагогикалық мамандықты таңдауға саналы түрде дайындалады.
«Бастапқыда идея белсенді және шығармашыл балаларды демалыста құрдастарымен жұмыс істеу үшін біріктіруді көздеді. Бүгінгі таңда бұл кәсіби дайындықтың үлгісі. Оның негізгі мақсаты - мамандыққа деген қызығушылықты дамыту, алған білімдерін іс жүзінде қолдану, балалармен жұмыс істеуге шығармашылық көзқарас және заманауи мұғалімді даярлау үшін инновациялық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік беретін педагогикалық бастамаларды белсенді дамыту», - деді Татьяна Леванова.
Педагогикалық жасаққа қабылданған балалар мектеп бітіргенше сонда оқиды. Мұнда оларға педагогикалық терминология, сабақ құрылымы, балалармен және аудиториямен жұмыс істеу дағдылары үйретіледі. Барлық білім мектептегі тәжірибе арқылы бекітіледі.
Айта кетейік, жасақ мүшелерімен оқу жылының басынан бастап педагог-тьюторлар, психолог және әлеуметтік педагог жұмыс істеп келеді. Тьюторлар балаларға мектепте оқып жүргенде де, педагогикалық университеттер мен колледждерге түскеннен кейін де жетекшілік етеді.
Жасақ құрылған кезеңнен бері мектептің 63 түлегі педагогикалық білім алды. Олардың 24-і оқуын аяқтаған соң Тоғызақ мектебіне жұмысқа оралса, тағы 32 мұғалім басқа елді мекендерде еңбек етіп келеді. Биылғы оқу жылында 9-11 сынып түлектерінің 44%-ы педагогикалық мамандықтарға оқуға түсті.
«Жалақының артуы, ұстаз мәртебесінің көтерілуі, жәрдемақының өсуі мамандықтың беделін көтергені сөзсіз. Әсіресе, ауыл мектептерінде ұстаздар қатары артқаны байқалады. Сондай-ақ адамдардың педагогикалық мамандыққа деген көзқарасы өзгерді. Бұл жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін балалардың туған ауылына жұмыс істеуге оралуына ықпал етеді.
Тоғызақ мектебі халық саны аз ауылда орналасқан. Ауылдың өзінің тұрақтылығы мен даму болашағына қарамастан жыл сайын ауылдан жастардың кетуі тіркеледі. Соның салдарынан мектепте кадр тапшылығы туындады. Қазір педагогикалық жасақты ұйымдастыру процесі бұл мәселені шешуге септігін тигізді», - деп атап өтті Татьяна Леванова.
Татьяна Леванова алдағы уақытта басқа да мамандықтар бойынша осындай жасақтар көбейетініне сенім білдірді.
Еске сала кетейік, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Президент Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасымен балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледждер мұғалімдерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы 25%-ға өсті.