ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНДАҒЫ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ АТА-АНАЛАРЫ МАТЕМАТИКА ПӘНІ МҰҒАЛІМІНЕ ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІ ЖӘНЕ БАЛАЛАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ТӘСІЛДЕРІ ҮШІН АЛҒЫС БІЛДІРДІ
515
0
0
11.10.2021
Қостанай қаласындағы №23 мектеп оқушыларының ата-аналары математика пәні мұғалімі Қанат Есенғұловқа оның оқыту әдістері және балалармен жұмыс істеу тәсілдері үшін алғыс білдірді. Ата-аналар педагогтің кәсібилігі, таланты және білім алушыларға деген жанашырлығы үшін ризашылығын жеткізді. Қанат Есенғұлов жалпы орта білім беретін сыныптарда, сонымен бірге мұғалімнің бастамасымен құрылған математикалық бағыттағы сынып оқушыларына да сабақ береді. Сондай-ақ оқушыларды ғылыми жобаларды қорғау әрі республикалық және халықаралық олимпиадаларға дайындайды. Мәселен, биыл Қ. Есенғұловтың шәкірті Никита Кильдюшкин «Логикалық тапсырмалардың электрондық моделін құру» тақырыбындағы жұмысын қорғап, халықаралық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанды.
Сонымен қатар 35 жастағы педагог Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы ауыл оқушыларымен және әріптестерімен ғылыми жобалар саласындағы білімімен бөліседі.
«Қанат Маратұлы ұлыма математика пәнінен сабақ береді. Ұстазға баламның пәнге деген қызығушылығын арттырғаны үшін алғыс білдіремін. Мұғалім қиын есептерді шешу жолдарын түсіндіріп береді. «Математика – ғылымдардың патшасы» демекші, қазіргі таңда логикалық есептерді отбасында бір-бірімізбен жарыса отырып шешеміз. Осы ретте Қанат Маратұлына оның кәсібилігі үшін риазмыз», – дейді 7 сынып оқушысының ата-анасы Потава Светлана.
Айта кетейік, бұған дейін мұғалімнің еңбегін ҚР Білім және ғылым министрі де жоғары бағалаған еді. Асхат Аймағамбетов әріптесіне алғыс білдіре отырып, грамота жолдаған болатын.
Пандемия кезінде Қанат Есенғұлов республикалық телеарна үшін 137 телевизиялық сабақ түсіріп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Нәтижесінде пандемия жағдайында дайындалған телевизиялық сабақтар арқылы оқушылар білім алды.
«Күллі әлемдегі білім беру саласы үшін ауыр кезеңде мұғалімдер жаңа сын-тегеуріндерге тез арада бейімделуге мәжбүр болды. Мен еліміздің оқушылары үшін қашықтан телевизиялық сабақтар өткізуге келістім. Басында оңай болған жоқ. Сабақтарды дайындап, сценарий жаздық, сонымен бірге анимациялық және иллюстрациялық материалдарды әзірледік. Мұның бәрі біз үшін бұрын-соңды болмаған ерекше форматта өтті. Теледидар арқылы көрсетілетін алғашқы сабағымды 1 сағаттан артық жаздым. Алайда, кейін күніне 5-6 сабақтан жазатын болдық», – деді математика пәнінің мұғалімі Қанат Есенғұлов.
Осындай тәжірибесі бар мұғалім алдағы уақытта әлеуметтік желілер арқылы математика сабақтарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Қанат Есенғұлов өз отбасындағы алғашқы педагог. Мұғалім балалармен жұмыс кезінде олардың әрқайсысының жеке қабілетін ескеру маңызды екенін айтады.
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ