ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Ақмола облысының Қосшы қаласындағы мектепке барғаны туралы жазбасы
418
0
0
01.09.2021
Бүгін Ақмола облысындағы №2 Қосшы орта мектебінде болдым.Аймақтағы ең проблемалық мектептердің бірі болғандықтан дәл осы білім беру ұйымын таңдадым.
Бұл оқу орнында бүгін 600-ден астам бала мектеп табалдырығын аттады. Алфавит бойынша 1-сыныптың реттілігі «Ы» әрпіне дейін жетеді. Білім ордасындағы оқушы орындарының саны 1200 білім алушыға. Оқу процесі үш ауысымда жүргізіледі.
Дәл осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын. Президент атап өткендей, урбанизация мен демографияның өсуіне байланысты, 2025 жылға қарай оқушы орнының тапшылығы шамамен 1 миллион орынды құрайды. Мәселені шешу үшін биыл 200 жаңа мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ал, 2025 жылға дейін біздің алдымызға әкімдіктермен бірлесе отырып 1 мың мектеп салу бойынша міндет қойылды.
Ақмола облысының Қосшы қаласындағы мектептердегі оқушы орнының тапшылығы мәселесіне келетін болсақ, осы жылдың соңына дейін бұл жерде 2400 оқушыға арналған әрі екі ауысымда жұмыс істейтін жаңа мектеп ашылады деп жоспарланып отыр. Келесі жылы 2400 оқушыға арналған екі ауысымда жұмыс істейтін тағы бір мектеп ашылады. Сонымен қатар қалада 2023 жылға дейін тағы бірнеше мектеп салу жоспарда бар.
Мектептер салу жөніндегі жұмыс барлық өңірде озық қарқынмен жүргізілуі тиіс.Әкімдіктер мектеп құрылысы үшін жер учаскелерін алдын ала резервке ұстап, тек мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуі қажет.
Мектеп құрылысы барысында қоғамдық мониторингті қамтамасыз ету және Президент тапсырмасын орындау үшін арнайы ақпараттық портал дайындап жатырмыз. Ол жерде қандай елді-мекенде мектеп салынатынын, құрылыстың ағымдағы жағдайы мен барысын көруге болады.
Сапалы білім, жайлы және қауіпсіз жағдай жасау үшін ең алдымен материалдық-техникалық базаны және оқыту үшін санитарлық нормаларға сәйкес жағдайларды қамтамасыз ету қажет екенін түсіну қажет.
https://www.facebook.com/1120704037/posts/10218967133225559/?d=n
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ