ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Жаңа оқу жылында 400 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Ал еліміз бойынша мектеп оқушыларының жалпы саны алғаш рет 3,6 млн-нан асты. Білім күні Мемлекет басшысының Жолдауы аясында салынған 80-ге жуық жаңа мектеп ашылды. Жыл соңына дейін барлығы 230 мектепті қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Асхат Аймағамбетов елордадағы №86 мектеп-гимназиясында өткен Білім күніне арналған салтанатты жиынға қатысты. Оқу-ағарту министрі балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

 

Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша министрліктің атқарған жұмысы туралы жазды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы үш ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы мектептердің мәселелерін шешу үшін «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасын қабылдауды тапсырды. Ұлттық жоба аясында 2025 жылға қарай кемінде 840 мың оқушы орнын құру жоспарда бар. «Сонымен қатар жаңа мектептер заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті сыныптар санымен және спорт залдарымен жабдықталуы керек»,- деді министр. Президент соңғы жолдауында жоғары сыныптарда жаратылыстану-ғылыми және ағылшын тілі пәндерін оқуға баса назар аударуды тапсырды. «Жаратылыстану-математика пәндері бойынша сағаттарды ұлғайту мүмкіндігі қарастырылып жатыр, пәндер бойынша бағдарламаларды жаңарту жұмыстары басталып кетті»,-деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ