ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысы алғаш рет барлық аймақтардағы мектеп директорларының қатысуымен өтті. Жиында мемлекеттік мектептерге мұғалімдерді жұмысқа қабылдау барысы талқыланды. Бүгінде орта білім беру ұйымдарында 5988 бос жұмыс орыны бар. Педагогтерді жұмысқа қабылдау жаңа ережеге сай конкурс арқылы жүреді. Бұл әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін және білім беру ұйымдарына білікті мамандарды ғана жұмысқа алу мақсатында қабылданған шара. Асхат Аймағамбетов бос жұмыс орындары жайлы ақпаратты жарияламайтын мектеп директорларын сынап, тәртіп бұзғандар жауапқа тартылатынын ескертті. Сондай-ақ бір ставканы бірнеше адамға бөліп беретін басшыларға да ескерту айтты.

 

Аппарат жиналысында еліміз бойынша мектеп құрылысының қарқыны да қарастырылды. Өткен жылы орта білім беру ұйымдарын қолданысқа беру жоспары 38%-ға артық орындалды. Биыл 214 мыңнан астам оқушыға арналған 225 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл 25 мектептегі үшауысымдылық, 12 апатты және 28 тозығы жеткен мектептің мәселесін шешеді. Алайда кей облыстарда мектеп құрылысына жер телімдерін бөлу мәселесі әлі шешілмеген. Бұл жұмыс әсіресе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында баяу жүріп жатыр.  

 

Жаңа оқу жылында әр облыс аймақтағы білім беру ұйымдарындағы мектеп формасына қатысты талапты өздері таңдайды. Білім басқармалары ата-аналар қауымдастығының келісімімен облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда ортақ мектеп формасының түсі мен үлгісін ұсынады. Бұл мектеп формасын сатып алғанда нақты бір өндірушіге артықшылық берудің алдын алу үшін жасалып отыр. Өзгерген талаптар тек жаңадан сатылып алынатын мектеп формасына ғана қатысты. Сол себепті қолда бар немесе ертерек сатылып алынған мектеп формаларын мектепке киюге рұқсат етіледі.

 

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ