ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Асхат Аймағамбетов Zakon.kz тілшісі Тамила Языковаға сұхбат берді. Оқу-ағарту министрі балабақшаларды лицензиялау, мектеп формасы, қашықтан оқыту мен тағы да басқа сұрақтарға жауап берді. Асхат Аймағамбетов балабақшаларды лицензиялау бірден енгізілмейтінін айтты. Заң қабылданғаннан кейін жаңадан ашылатын балабақшалар ғана құжаттарын электронды түрде тапсырып, талаптарға сәйкестігін растайды. Ал жұмыс істеп тұрған балабақшалар кезең-кезеңімен лицензиядан өтеді.

 

Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова мектеп оқушылары жазғы каникулда демалатынын мәлімдеді. Осыған дейін білім саласының сарапшылары мен мамандары оқу жылын 20 тамыздан бастау мәселесін қарауды сұрап, министрлікке бірнеше мәрте жүгінген болатын. Себебі 5 күндік оқу аптасына көшкен кезде оқу күндерінің саны бірден 34 күнге кеміді. Қосымша оқу күндері күнделікті сабақтың санын, яғни мұғалімнің де, оқушының да күнделікті оқу жүктемесін азайтатынын атап өтті. Бұл педагогтер жұмысының тиімділігін арттырып, оқушылардың материалды меңгеруіне ықпал етеді. Алайда арнайы құрылған жұмыс тобы мамандардың ұсынысын қолдамай, баламалы ұсыныс енгізді. Бұл ретте өзгерістер жазғы демалысқа әсер етпейді. Яғни балалар 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында демалады.

 

Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов елорда әуежайында биологиядан IBO-2022 халықаралық олимпиадасының жүлдегерлерін күтіп алды. Қазақстандық оқушылар Ереванда өткен жарыстан 3 күміс, 1 қола медальмен оралды. Осылайша, жас биологтар құраманың былтырғы нәтижесін жаңартты. Халықаралық олимпиадаға әлемнің 64 елінен 250 оқушы қатысты. Еліміздің намысын Нұр-Сұлтан, Алматы және Өскемен қалаларынан 4 оқушы қорғады. Олар республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

 

Оқу-ағарту министрлігінің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова «Oqu-ağartu LIVE» айдарында балабақшаларды лицензиялау туралы айтты. Оның сөзіңше балабақшаларды лицензиялау олардың жұмысын жақсартып, жемқорлықты азайтады және түрлі келеңсіз оқиғаларға жол бермейді. Лицензия алу үшін балабақшалар ең төменгі біліктілік талаптарына сай болуы керек. Бұл балаларға жасалған жағдайдың сапасы, кадрларды іріктеу, бейнекамералар орнату, санитарлық және өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтау және т.б. негізгі талаптар. Лицензиялау кезең-кезеңімен жүргізіледі және мектепке дейінгі ұйымдарға жұмысты сапа стандарттарына сәйкестендіру үшін уақыт беріледі.

 

Оқу-ағарту министрлігі «Желіге шолу» айдарында колледждерде тегін оқу мүмкіндігі туралы айтып берді. Биыл еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына рекордтық 128 мың грант бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 мың орынға артық. Мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігі IT, инженерия, металлургия, құрылыс секілді техникалық мамандықтарға арналған. Колледжге түсу үшін бар болғаны 4 құжат тапсыру жеткілікті. Ол үшін үйден шығудың да қажеті жоқ. Талапкерлер құжаттарын Egov.kz электронды үкімет порталы арқылы тапсыра алады.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ