ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында орта білім беру ұйымдарын күрделі жөндеу мен мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы пысықталды. Еліміз бойынша жергілікті әкімдіктер 260 мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 21 мектепте жөндеу аяқталды. Қалған мектептердің жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталуы керек. Жиында жаңа оқу жылы қарсанында білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мәселесі де талқыланды. Асхат Аймағамбетов ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін ревакцинациядан өтудің маңызы жайында айтты.

 

Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев және министрлік қызметкерлері елорда әуежайында лингвистикадан халықаралық олимпиада жүлдегерлерін күтіп алды. Қазақстандық мектеп оқушылары Аида Дәулетова мен Дарья Пересыпкина Мэн аралында өткен жарыстан 2 қола медальмен оралды. Осылайша, жас лингвистер ұлттық құраманың былтырғы көрсеткіштерін жақсартты. Сайысқа әлемнің 36 елінен 200 оқушы қатысты. Еліміздің намысын Нұр-Сұлтан, Павлодар және Тараз қалаларынан 4 оқушы қорғады. Олардың барлығы республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

 

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының өкілдері «Oqu-ağartu LIVE» айдарында елімізде басталған пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары туралы айтты. 40 000-нан астам педагог математика, информатика, физика, химия, биология, география, тарих, жаратылыстану, қазақ, орыс, ағылшын тілдері және бастауыш сынып пәндері бойынша курстан өтеді. Орталық мамандары 12 пән бойынша 44 бағдарлама әзірледі. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, пәндік құзыреттіліктерді арттыруға арналған білім беру бағдарламалары педагогтердің кәсіби дамуына және жұмыс сапасына оң әсер етеді. Бұл сонымен қатар жалпы білім сапасына, оның ішінде оқушының біліміне де оң әсерін тигізеді.

 

Осы аптада педагогтердің республикалық тамыз конференциясы басталды. Ауқымды кеңес 19 тамызға дейін жалғасады және дәл осы күні қорытынды пленарлы отырыс өтеді. Мұғалімдер екі апта бойы панельдік сессияларда мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім берудегі өзекті мәселелерді, балалардың құқықтарын қорғау және білім беру сапасын қамтамасыз ету мәселелерін талқылайды. Шараға жаңашыл педагогтер, білім беру ұйымдарының үздік жетекшілері, сарапшылар мен ата-аналар қауымының өкілдері қатысады. Спикерлер дөңгелек үстелдер, шеберлік сабақтары мен презентациялар өткізеді.

 

Оқу-ағарту министрлігі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын бастады. Биылғы акция балалар жылы аясында «Бар мейірім балаға» ұранымен өтіп жатыр. Науқанға еріктілер, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және т.б. кез келген адам қатыса алады. Көмекке мұқтаж отбасылар «жедел желі» номерлері бойынша білім басқармаларына хабарласып, өтініш қалдыруы қажет.

 

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ