TikTok өкілдері қазақстандық педагогтерге креативті білім беру контентін құру бойынша онлайн оқыту вебинарын өткізді. Олар мұғалімдерге платформада қалай тіркелу керегін, оны қалай жүргізуді және тікелей эфирлерді қалай өткізу керегін түсіндірді. TikTok өкілдері мұғалімдерге қызықты білім беру жобаларының үлгілерін көрсетіп, қазақша білім беру мазмұнын насихаттау бойынша кеңестер берді. Вебинар TikTok-қа енді келген мұғалімдерге желінің барлық мүмкіндігін үйренуге және қызықты танымдық роликтерді жасауды үйренуге көмектеседі.
Бұған дейін қысқа бейнероликтерді қарау және жасау бойынша жетекші платформа TikTok ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен #Қазақстанмұғалімдері байқауын бастаған болатын. Байқау аясында еліміздің кез келген өңіріндегі мұғалімдер 1 желтоқсанға дейін мектепте өздері сабақ беретін пәні бойынша шығармашылық және танымдық бейнероликтерді платформаға жариялай алады. Роликтердің ұзақтығы 30 секундтан кем болмауы және оларды конкурстың #Қазақстанмұғалімдері #учителяказахстана хэштегтерімен жариялау қажет.
Қазылар алқасының құрамында жоба елшілері, TikTok платформасы мен Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері бар. Олар қатысушыларды үш номинация бойынша бағалайды: «Ең креативті мұғалім», «Мұғалім-жаңалық», «Үздік бейнеролик». Байқау барысында хэштег арқылы жарияланған және ең көп қаралым жинаған видеоның авторы-мұғалімі жеңімпаз атанады.
Байқау жеңімпаздары iPhone 13 Pro Max смартфондарын, сондай-ақ TikTok таланттарды дамыту бағдарламасына шақырту алады.
TikTok-тың #Қазақстанмұғалімдері бастамасы мектеп және колледж педагогтеріне коммуникацияның жаңа тәсілдерін ашуға және бейне форматта өз білімдерімен бөлісуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық TikTok авторлар қауымдастығы көптеген танымдық контент авторларының басын біріктіретінін айта кетейік. Платформа сонымен қатар қысқа бейнероликтер арқылы оқушыларды өз пәніне қызықтырғысы келетін мұғалімдер арасында танымал болып келеді.