Шоқан Уәлиханов. Ыстықкөл күнделігі

  • 1.331
Шоқанның «Ыстықкөл күнделігі» зерттеу еңбегіне өзінің 1856 жылдың 18 сәуірінен шілде айының ортасына дейінгі мерзімде жасаған экспедициясының материалдары негіз болған. Бұл күнделік есепті жазбаның, әсіресе географиялық таным-түсінікті арттыруда, білім көкжиегін кеңеуде маңызы зор. Дегенмен Шоқанның жан-жақтылығын ескерер болсақ, бұл еңбектен де біз әдебиетке қатысты, халықтың әдет-ғұрыптық, салт-саналық көзқарасын танытатын этнографиялық материалдарды кезіктіреміз. Зерттеуші жүріп өткен жерлерінің табиғатын, өсімдіктер, жануарлар әлемін сипаттаумен бірге, тұрғын халықтың тұрмысы мен тіршілігі, күнделікті тұтынатын заттары туралы құнды деректер жазып қалдырған. Жазбада ауа райының қолайсыздығынан Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазарына барып тұрып, түсе алмағандығын Шоқан өкінішпен еске алып айтады. Шоқанның «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын ел ішіндегі жыршылар аузынан жазып алып, бірнеше нұсқасын жинап, салыстырып зерттегенін ескерер болсақ, оның бұл өкінішіне түсіністікпен қарауға болады. Жол бойы қазақ-қырғыз жерін басып өткен Шоқан тұрғын халықтың ауыз әдебиетін жақсы білетін қарапайым адамдарынан материал жинап отырғандығы байқалады. Осы ретте қырғыз адамына айтқызып тыңдаған «Манас» жырына түсінік беріп, оның ерекшеліктеріне көңіл қояды. Жолай кездескен ауылдардан жоқтау жырын естіп, өзіндік пайымын білдіреді және ел арасындағы қорымдар мен ескерткіш белгілеріне, жер атауларына назар аударып, олардың ерекшеліктеріне тоқталып, тарихына байланысты туған аңыздарға түсінік беріп өтеді.
9190
425
Қате туралы хабарландыру