Әбдіжәміл Нұрпейісов. «Қан мен тер» трилогиясы. Отыз екінші бөлім

  • 1.505-32
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы – «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» деп аталатын үш кітаптан тұратын, ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры туралы, әлеуметтік-психологиялық типті шығарма. «Қан мен тер» трилогиясының бір ерекшелігі – романның сюжет желісі, оқиғаларының барысы характерге байланған, романының қозғаушы күші – характер. Трилогияның бастапқы кітабы «Ымыртта» өршіл мінезді, намыскер Еламан – қарапайым балықшы. Жұрт Қаратаз деп атайтын Құдайменде байдың қорлығына шыдамай, сес көрсетіп, балықшылар арасына кетіп қалған Еламан өмірі кездейсоқ оқиғадан кілт өзгереді. Промселдің қожайыны «тентек Шодыр» балықшыларды әлі қата қоймаған теңізге айдап салады. Іштей кіжініп жүрген Еламан суға кеткен балықшыларды емес, ауын сұрастырған Шодырды сүйменмен салып өтеді. Трилогияның екінші кітабы «Сергелдең» қазақ даласындағы Патша құлап, Қос үкімет орнаған кездегі әлеуметтік қайшылықтардың өршуін көрсетеді. Түрмеге қамалған, соғысқа қатысқан, кейін Шалқарға келіп теміржолға жұмысқа орналасқан Еламан біраз дүниені түйсінген. Сюжет пен композиция Еламан характерінің осынысынан туындайды. Майданда төбелес үстінде арашалап, Шалқарда жұмысқа орналастыруға көмектескен Мюлгаузенмен жұдырықтасып қалады. Осыдан соң ауылға оралған Еламан бастапқы кезде іштен тынып жүреді. Қайын атасы Сүйеудің үйіндегі баласын қолына алады. Көп ұзамай, теңізді иемденіп, ау салдыртпайтын Темірке мен Тәңірбергенге қарсы тұрады. «Қан мен тердегі» бітімі бөлек кейіпкер – Тәңірберген. Бұл бейне адамгершілік тұрғыдан әшкереленген – кісі еңбегін жегіш. Оның үстіне ұры ұстайды. Ел ішіне іріткі салушы Тәңірберген балықшылар ауылын екіге жарып, бір-бірімен өштестіріп қояды. Ақбалаға көрсеткен қиянаты, оның қатыгез келбетін толықтыра түседі. Трилогия тұтастайын ішкі монологтен тұратын Тәңірберген тағдырының соңғы күндерін суреттейтін тараумен аяқталады. Генерал Черновтың әскерін құм арасымен бастап жүрген Тәңірберген дүниеден баз кешіп, өмірден түңіледі. Ақылдымын, айла-амалым мен қулығымды бәрінен асырамын деп жүрген жігіт өзін аяусыз кіналап сөгеді. Романда бұдан басқа кескінделетін характерлер - Кәлен, Сүйеу, Ақбала, Айғаным, Мюлгаузен, Федоров, Қарақатын, Судыр Ахмет, т.б. Кәлен – тумысынан батыр, жаужүрек, дара тұлға. Еламанның, Тәңірбергеннің бейнесі Кәленсіз жүдеп қалар еді. Тағы бір келістіре жасалған образ – Судыр Ахмет, мылжың, қуыскеуде пәруайсыз жан тәлкекке ұшырайды да жүреді. Еңбекке қыры жоқтығы жағынан Қалау мен Төлеуге ұқсас. Нұрпейісов романы ұлттық характердің тұтас сілемін жасауымен құнды. 1916-1918 жылдардағы халық қозғалысын әлеуметтік-психологиялық тәсілмен суреттейтін, өрістетілген ішкі монологке құрылған бұл роман нағыз замана эпосы.
845
108
Қате туралы хабарландыру