Сәкен Жүнісов. «Аманай мен Заманай» хикаяты. Сегізінші бөлім

  • 1.522-8
Сәкен Жүнісовтің «Заманай мен Аманай» хикаяты алмағайып кезеңде тағдыр тәлкегімен туған жерден қол үзіп қалған адамның сезімін, рухани өмірін бейнелейді. Шығарманың басты тақырыбы – Отанға деген махаббат. Туындыға тоталитарлық темір жүйе орнаған аумалы-төкпелі заман тұсында туған елден жыраққа кетуге мәжбүр болған Балзияның өмірі арқау болған. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы заман шындығы, ел санасын, тағдырын төңкерген оқиғалар легі Балзияның өмірі арқылы терең бейнеленеді. Асыра сілтеу саясатынан зәрезап болған халықтың туған елден үдере көшіп, арғы бетке кетуге мәжбүр болуы – қатал заманның ащы шындығы еді. Балзияның әкесі Сәлімгерей бастаған топтың ел асуы – бас сауғалап қашу емес, қыспақпен келіспеген ішкі қарсылықтан туған батыл әрекет еді. Бірақ, көшті шекараға жеткізбей, қайтарып әкелуі, әкесінің қаралы қазасы, сүйгенінен айырылуы – Балзияның намысын қайрап, арғы бетке өтуге батыл шешім қабылдатады. Тумысынан бірбеткей, қайсар қыз әкесінің өліміне себепкер болған адамның жары болмасқа бекініп, арғы бетке елді өзі бастап өтеді. Хикаяттағы Балзия бейнесіне адамның туған елі мен жеріне деген ұлы сағынышы, терең махаббаты, сүйіспеншілігі жинақталған. Баласы Заманайды туған жеріне жеткізе алмаса да, немересі Аманайды Отанына қайтаруды арман еткен қарт ананың мұраты – шығармаға өзек болған. Парызын өтеп, өзі өмірден озған Балзия бейнесі – атамекенге деген ұлы сезімді асқақтата түскен қайталанбас образ. Хикаят деп аталғанымен көтеретін мазмұндық жүгі романға татитын «Заманай мен Аманай» шығармасы – Сәкен Жүнісовтің ғана емес, тұтастай қазақ әдебиетінің көркемдік табысы.
132477
201
Қате туралы хабарландыру