Қабдеш Жұмаділов. «Тағдыр» романы. Екінші бөлім

  • 1.530-2
Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы 1988 жылы жарық көріп, 1990 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған. Роман «1884 жылғы Шәуешек хаттамасында» бекітілген Ресей патшалығы мен Цин империясы арасындағы шекара бөлісі туралы. Бұл оқиға екі алып империя арасындағы жер бөлісі ғана емес, Шығыс Түркістанды мекен еткен қазақ халқын да екіге айырған тарихи оқиға болды. Жазушы осы кезеңде шекараның арғы бетінде қалған халықтың тағдырын тақырып етіп алған. Романның бас кейіпкері Демежан – тарихта болған тұлға. Жазушы елі үшін қызмет етіп, жанқиярлыққа барған адамның өмірі арқылы бүкіл бір кезеңдегі халықтың тұрмыс-тіршілігін бейнелейді. Ол тек қазақ халқына тән жақсы қасиеттерді, әдемі дәстүрлерді, әдет-ғұрыпты ғана емес, сол тұстағы қазақ қоғамында орын алған алауыздық пен рушылдық секілді қасиеттерді да шынайы көрсете алған. Роман композициясы төрт бөлімнен және эпилогтан тұрады. Алғашқы «Жол торабы» атты бөлімінде Демежанның шаңырақ көтеріп, шекара комиссиясы құрамында қызмет етуі, билікке араласуы, оқуы, ізденуі, ой өрісінің өсуі сипатталса, «Тағдыр талқысы» атты екінші бөлімінде Демежанның жеке өміріндегі қиындықтар, әкесінің өлімі, ағайын арасындағы алауыздық баяндалады. «Уақыт керуені» деп аталатын үшінші бөлімі Демежанның ұлты үшін істеген азаматтық істеріне арналған. Соңғы «Дар ағашы» атты төртінші бөлімінде Демежанға жазықсыз жала жабылады да, дарға асылады. Романның қысқаша сюжеті осындай. Шығарма атауын тек роман кейіпкерінің басынан өткен жайлар, оның есею, кемелдену, өсу жолы деп қана түсінбей, көшпелі тіршіліктен отырықшылдыққа бет бұрған тұтас бір халықтың тағдыры деп түсіну керек. «Елім-айлап» еңіреген, бодандық қамытын киген халықты, өзге ұлттармен тең дәрежеде тұратындай өркениетке жеткізсем, өзіне-өзін би етсем деп көксеген жанның өзекжарды армандары романның басты идеясына айналған.
2127
134
Қате туралы хабарландыру