Мұхтар Мағауин. «Аласапыран» романы. Отызыншы бөлім

  • 1.536-30
Мұхтар Мағауиннің қазақ тарихындағы өзіне дейін айтылмай келген кезеңдерін қамтитын «Аласапыран» шығармасы - екі кітаптан тұратын тарихи роман-дилогия. Осы роман үшін жазушыға 1984 жылы Қазақ КCР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген. «Аласапыран» дилогиясы - тарихи роман, шығарманың мазмұнында XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың алғашқы онжылдығы арасындағы қазақ даласы мен орыс патшалығында болған басты-басты тарихи оқиғалар қамтылған. Екі кітаптан тұратын шығарманың желісіне қазақ ханзадасы Ораз-Мұхамедтің шектес жатқан қазақ пен орысты байланыстырған тағдыры негізге алынған. Романның 1-кітабында Қазақ Ордасы мен Ібір-Сібір жұртындағы саяси жағдай, ел билеген би-сұлтандардың өзара шиеленіскен тартыстары бейнеленсе, 2-кітап аласапыранды толқынысы мол болған орыс еліндегі тарихи жағдайларды көрсеткен, яғни 2-кітабындағы сюжеттік желілер тұтастай орыс жерінде өтеді. Осы оқиғалардың бәрінің бел ортасында Ораз-Мұхамед жүреді. Оқиғалардың бәрі де соның көзімен беріліп, ой-толғаныстары монологтері арқылы көрініс табады. Сондай-ақ романда қамтылған уақыт аралығында қазақ жұртының тарихи қалыптасу жолдары осы ханзаданың айналасындағы әртүрлі оқиғалар арқылы әр қырынан суреттеледі. Кең, дарқан қазақ даласында туып-өскен жас ханзаданың билік құру жолындағы алғашқы қадамдары, қалыптасу кезеңдері, Сібір өлкесіне сапар шегуі, осы арада орыс мемлекетінің воеводасы Данило Чулковтың қолына тұтқынға түсуі, одан Мәскеу қаласына жеткізілуі шығарманың прологі іспеттес. Романда Ораз-Мұхамед бұла өскен, өткір мінезді, алғыр, ақылды да шешен, өжет жігіт болып бейнеленеді. Әсіресе қазақ билеушілерімен тартысқан кезінде оның осы қасиеттері ерекше байқалады. Романның күрделілігі оның тарихи оқиғаларды көркем бейнелеп жеткізуінде ғана емес, мұнда бірде тура, бірде жанама түрде тарихта болған адамдардың есімдері аталады. Қазақ тарихындағы Қадырғали бек Жалайри, Махметқұл, Сүйініш-Мұхамед оғлан, Құл-Мұхамед, Арыслан-Әли секілді тарихи шындықты танытуда өз орны бар тұлғалармен қатар орыс тарихындағы ірі тұлғалар бейнелері де суреттелген. Ділшат сұлтаным, Ай-шешек бегім, Алтын ханым, Әз ханым секілді әйелдер бейнелерінің өзі тұтас бір галерея жасайды. «Аласапыран» роман-дилогиясына қазақ халқының қалыптасу кезіндегі ауыр жағдайларды айқын танытатын роман деп қана емес, тарихымыздағы көмескі тұстарға қатысты деректерді жарыққа шығару арқылы жасырын болған шындықты ашуға деген ұмтылыстың алғашқы серпілісі деп қараған орынды.
2032
146
Қате туралы хабарландыру