Сайын Мұратбеков. Жабайы алма. Күз бен қыс. Үшінші бөлім

  • 1.108-6
Балалық шағы 1941-45 жылдар аралығындағы соғыстың ауыр күндеріне тап келген Сайын Мұратбековтің алыста қалған балалық шағының мұңды елестерін жадында қайта жаңғыртып, көркем шығармаға арқау етуі оның шығармашылығындағы басты тақырыптардың бірі. Сондай көлемді шығармасының бірі – «Жабайы алма» повесі. Соғыс тауқыметіне тап болған ел тіршілігі, ондағы адамдар тағдыры, балалар өмірі «Жабайы алма» повесінде терең оймен, көркем шынайылықпен шебер суреттелген. Онда әкеден айырылған бала, ұлынан айырылған ана, жардан айырылған жесір, сүйгенінен айырылған қалыңдық, бұғанасы қатпай ауыр еңбекке араласқан балалар, осы жүктің барлығын көтеріп, мүгедек, ауру-сырқаулығына қарамай жұмысқа араласқан шал-кемпір бәрінің бейнесі бар. Оқиғалар желісі басты кейіпкер Қанаттың әңгімелеуімен өрбиді. Шығармадағы оқиғалар желісі адам бойындағы жақсы мен жаман, адалдық пен арамдық, аярлық пен ездік қасиеттерді ұға білген Қанаттың көп жайды анық аңғарып, сезе білетін, өмір ерте есейткен, бақытты шағы соғысқа тап келген бала екендігін танытады. Шығармада, әсіресе сол бір кезеңдерде жағдайға қарай кілт өзгерген адам психологиясы, көңіл пернелері оқиға барысында ерекше бір көркем тәсілмен беріледі. Нәзира, Тоқтар, Байдалы, Әжібек пен Ырысбек, Нұғыман, Зибаш секілді кейіпкерлер барлығы да шынайы өмірде жиі кездесетін бейнелер. Жазушының тағы бір қыры өзінің әрбір кейіпкерін сөзімен, ісімен кім, қандай бейне екендігін оқырманның өзіне бағалатуға, жақсы мен жаман парқын айырып тануды өз сарабына салуға қалдырады. Шығарманы бір қалыппен оқу мүмкін емес, кейіпкерлерінің іс-қимылдары мен мінез-құлықтары оқырманын бірде ашындырып отырса, бірде еріксіз күлкіге жетелейді. Повестің трагедиялық жағдайда аяқталуы соғыстың қазақ аулына әкелген зардабының ел есінен ешқашан ұмытылмайтын оқиға екендігін ұқтырып, соғыс атаулыға деген қарғыстай сезіледі.
2192
295
Қате туралы хабарландыру