Мұхтар Әуезов. Қараш-қараш оқиғасы. Екінші бөлім

  • 1.202-2
Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» повесі 1927 жылы жазылған. Бұл повеске жазушы ескі қазақ ауылындағы қоғамдық қайшылық, әлеуметтік теңсіздік себебінен болысты өлтіріп, 1905 жылы он жылға абақтыға кесілген Тұрар Рысқұловтың әкесі – Рысқұл Жылқайдаровқа қатысты кейбір деректерді арқау еткен. Сол арқылы басты кейіпкер Бақтығұлдың бейнесін көркемдік шешімдермен тартымды етіп суреттейді. Жасынан жоқшылық, жетімдік көріп өскен Бақтығұл бай қолында жүріп, соның нұсқауымен қастас байлардың малын барымталауды машық етеді. Байға қанша еңбегі сіңсе де, жоқшылықтан арыла алмаған әрі дауылды күні тепкіге түсіп қайтыс болған інісі Тектіғұлдың ызасымен ашынған Бақтығұл баймен араздасып, бөлек шығып кетеді. Тартыс осы арадан басталады. Ымыраға келмеген байдың жылқысынан бір биесін ұрлап жазалы болған әрі оның дөңайбатына ұшыраған Бақтығұл өмірден жолын таба алмай, Жарасбай болыстың қолтығына кіріп, сая таппақшы болады. Пысықтығы мен алғырлығын таныған болыс алғашында қызметіне жүргізіп, кейін баяғыша қазақ ауылындағы бітіспес барымтаға кірістіреді. Пәлелі іске әбден шырмаған болыс кезінде өзінің ишарасымен істелген істің бәрін өзі үшін емес, өзге үшін басын қауіпке байлаған Бақтығұлға аударып тайқып шығады. Қайда барса да жолы болмаған, өмірден қағажу көріп ашынған ол орайын тауып, болысты атып өлтіреді. Жазушы Бақтығұлдың өжеттігін де, қайсарлығын да, сенгіштігі мен адалдығын да оның осы нақты іс-әрекеттері арқылы танытады. Шығармада жазушы Бақтығұл тағдыры, оқиғалар сипаты арқылы әлеуметтік теңсіздікті көрсетіп, бейнетке толы, соры арылмаған өмірін көз алдымызға әкеліп, оқиғалар шешімі арқылы халықтың қарғысы мен қаһарын бір адам бойына жинақтап, әділетсіздікке қарсы жігерін танытқан.
4081
349
Қате туралы хабарландыру