Мақтұмқұлы Фраги. Түрікмен тағдыры

  • 1.302
Түрікмен ақыны Мақтымқұлы Фрагидің әдеби мұрасы – түркі өркениетіне ортақ. Ол он сегізінші ғасырдың заңғар ақыны, ғұлама ойшылы әрі көрнекті ғалымы. Оның есімі Әл Фараби, Бируни, Хафиз, Науаи сынды тұлғалардың қатарынан орын алған. Мақтымқұлы түрікмен әдебиетін әлемдік әдебиет жаухарларының қатарына қосты. Он сегізінші ғасыр түркі халықтарының қай қайсысы үшін де ауыр шақ болғаны анық. Жан жақтан ентелеген жау да, шұрайлы жерге көз алартқан дұшпан да көп еді. Қолына қаруын алып, түрікмен де елі үшін шайқасты. Мақтымқұлы ақын да туған халқының қасіретті тағдырын ойлап, қайғы кешетін. Ол түрікмен жұртының арман-тілегін, мақсат-мүддесін жырына сыйғызып, азат күнді аңсады. Оның өлеңдерінің өне бойында адамгершілік, адалдық сынды мәңгілік мұраттар сайрап жатты. Осы үшін де Мақтымқұлының артында қалған асыл сөз – адамзаттың ортақ құндылығына айналды. Ақын “Түрікмен тағдыры” өлеңінде туған елінің рухын жанып, бейбіт күнге жеткізер жігерлі сөзін айтады. Мақтымқұлы тебіреніп: “Әлі оңынан тұрар желі түркменнің...” деп, бір ауыз сөзге туған халқының бар қайғысын, ұлы арманын сыйдырады. Түркмен топырағы – Жер жұмағы атанатын күнді жақындатқысы кеп, ақын жүрегі аласұрады. Мақтымқұлы есімін дүниеге мәшһүр еткен шығарманың бірі - “Боларсың” жыры. Түркі жұрты үшін мақал сөзге айналған “Асқар таулар биікпін деп бәлсінбе, төмпешікпен сен де теп-тең боларсың” деген даналық түйін осы өлеңнен алынған. Адам болу, ізгі ойлармен өмір сүру идеясын өзек еткен бұл жыр бүгінгі күні де бағалы. Мақтымқұлы мұрасы осындай өміршеңдігімен, өзектілігімен ерекшеленеді. Ойшылдың “Ақырзаман” өлеңі де – заманға қарап, дүниенің алдын болжаған данагөйдің сөзі. Ақын замандасын ғана емес, күллі адам баласын ойландырар қауіпті дөп басып, күңіренеді. Заман – жаман, ері кетті мойнына, Ала шұбар жылан кірді қойнына, Опасыздар ой салады ойлыға – Ақырзаман қалмады ма жақындап? – деген Мақтымқұлының көрегендігіне таңғалмасқа шараң жоқ… Мақтымқұлыны түпнұсқадан аударып, өлеңнің жанын, рухын қазаққа аманаттаған көрнекті ақын – Дүйсенбек Қанатбаев болатын.
3313
293
Қате туралы хабарландыру