Ғалымдар жыланның саңырау емес екенін анықтады

Ғалымдар жыланның саңырау емес екенін анықтады
 Адамдар жыланды ештеңе естімейді деп ойлайды. Бірақ Австралия мен АҚШ зерттеушілері бауырымен жорғалаушылардың қарапайым дыбыстарға да жауап беретінін дәлелдеді.          

    Жыланның құлағы жоқ болғандықтан, тек топырақтың, бұтақтардың, тастардың және басқа тіректердің тербелістеріне жауап береді деп санап келдік. Алайда, Калифорния университетінің (АҚШ) және Квинсленд университетінің (Австралия) зерттеушілері жүргізген зерттеу нәтижелері мүлдем басқаша болып шықты.  Ғалымдар «PLOS One» журналында мынандай тұжырымдама жариялады: «Шын мәнінде жыландар ауа арқылы таралатын дыбыстарға жауап береді, тіпті, адам дауысын ажырата алады».

    Бұл тұжырымдамаға ғалымдар қалай келді? Ұзақ уақыт бойы жыланның 19 түріне эксперимент жасады. Ғалымдар дыбыстың екі түрін қолданды: жерден шығатын діріл (вибрация); ауадан естілетін қарапайым дауыс (барлық жануарлар ести алатын). Жыландар дыбыстың бәріне жауап қайтарған. Мысалы, питондар дыбыс шыққан жаққа қарай ұмытлса, тайпандар қашқан. Реакция түрі жыланның мөлшері мен жалпы мінез-құлқына байланысты. Осы эксперименттің нәтижесінде «есту» барлық құрлық жыландарына тән болуы мүмкін деген қортындыға келген.

    Демек, жыландарды «саңырау» деп атау дұрыс емес. Дегенмен, ғалымдар бауырымен жорғалаушылардың қандай дыбыстарды еститіні жайлы нақты мәлімдеме жасаған жоқ.