Ақыл-есі кем баладан «гений» қалай шықты?

Ақыл-есі кем баладан «гений» қалай шықты?

    «Табысқа жетудің ең сенімді жолы – үнемі қайталау». Бұл Томас Эдисонның сөзі. Эдисон өзінің жетістіктері үшін анасына қарыздар. Анасының жасаған таңғажайып ісі Эдисонның өмірін мәнге толтырды. Ол қандай іс?

    Томас ол кезде  мектеп оқушысы болатын. Бір күні сабақтан үйге келіп, анасына мұғалімнің жазбасын береді. Анасы хатты оқығанда, қорқыныштан жылап жібереді. Томас хатта не жазылғанын білгісі келіп, анасынан сұрағанда, анасы хатты оқып береді: «Сіздің ұлыңыз - данышпан. Біздің мектеп балаңыздың деңгейінен тым төмен. Оған бірдеңе үйрете алатын мұғалімдер де жоқ. Өтінемін, оны үйден өзіңіз оқытыңыз». Уақыт зырғып, қаншама жыл өтті. Өз дәуірінің ең танымал өнертапқыштарының бірі  Эдисон анасы қайтыс болғаннан кейін, бірнеше жылдан соң ескі отбасылық мұрағатты ақтарып отырып, мектеп кезінде жазылған осы жазбаны тауып алады. Хатты ашып, мұғалімнің сол кезде былай деп жазғанын көреді: «Сіздің ұлыңыздың ақыл-есі кем. Біз оны ендігәрі бұл мектепте оқыта алмаймыз. Сондықтан, оны үйден өзіңіз оқытыңыз».

    Бұл әңгімеден Эдисонның ресми академиялық білімі 12 жасында біржола аяқталғанын көреміз. Ол ешқашан бірде-бір оқу орнында, колледж, университетте де  оқымаған. Мектеп басшысының қағидасынан гөрі өзінің түйсігіне сенетін анасы болмағанда, Томастың жолы тарихтағыдай сәтті қаланар ма еді?

    Томас Эдисон кейінірек «Мені анам жасады. Ол өзінің сеніміне болаттай берік болды. Ол маған шын жүректен сенді. Мен сол арқылы кім үшін өмір сүретінімді сездім. Әрі, ешқашан оның көңілін қалдырмауым керек екенін түсіндім», - деп ағынан жарылды.
    Балалар үшін өздеріне артқан сенім мен қолдау – өте маңызды. Ал бұл оқиға – осы сөзімнің айқын дәлелі. Сіз осыған келісесіз бе?